Алматы облысында ҰОС ардагері референдумда бата берді
Сурет: Алматы облысы әкімдігі
Ұйғыр ауданындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен қалған жалғыз қария – 103 жасқа қараған Алим ата Кебиров бүгінгі референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралып, зейнет жасына жеткенше еңбек етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан қария осы уақытқа дейін ешбір саяси науқаннан қалыс қалған емес.
Ұйғыр ауданы Бахар ауылында орналасқан №921 дауыс беру учаскесіне Алим атамыз өзі келіп, таңдауын жасады. Көзі қарақты, күнделікті жаңалықтан хабардар атамыз Мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау білдіретінін айтты.
"Конституция – еліміздің басты құжаты ғой. Біздің бейбіт заманда өмір сүруіміздің де кепілі. Біз сол құжат арқылы дамимыз, өсеміз. Заман дамыған сайын бір орында тұрақтап қалуға болмайды емес пе? Сондықтан өзгеріс қажет. Жасым келсе де әлі күнге дейін елімізде болып жатқан әр өзгеріске, әр жаңалыққа ден қоямын. Біздің жастығымыз соғыстың өртіне шырмалды. Талай достарымыз, бауырларымыз соғыс даласынан қайтпады. Қазір де әлемдегі жағдайға алаңдап, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тілеп отырамын. Өйткені соғыс ешкімді де аямайды. Жаспысың, кәрімісің, баламысың демейді. Ал біздің бейбіт заманда, бірлігі мен татулығы жарасқан мемлекетте өмір сүруімізге Мемлекет басшысының үлесі зор. Сол себепті де мен ол кісінің бастамасына қолдау көрсетемін". Ұлы Отан соғысы ардагері
Оның айтуынша, ел ішінде ауызбіршілік болмаса, ұрыс-керіс болса, дамымаймыз.
"Бізге ұрыс емес, бірлік керек. Тыныш заманымыздың, бейбіт күніміздің қадірін білейік, балаларым. Болашағымызға немқұрайлы қарамайық. Бұл елдің дамуына, алдыңғы қатарлы мемлекет болуына еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін үлес қосуы керек. Сол себепті де мен өзім келіп, дауыс беріп, таңдауымды жасадым. Еліміз аман, бейбіт заман болсын" – деп ғасыр жасаған қария ақ батасын берді.
Сондай-ақ, елімізде болып жатқан оң өзгерістерге көңілінің толатынын айтты. Сонымен қатар бүгінгі тарихи күннің сәтті өтуін тіледі.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript