Қазақстанда референдум қалай өтті - ТМД бақылаушыларының пікірі
Фото: Zakon.kz
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) миссиясының бақылаушылары Конституциялық реформа бойынша 15 наурызда өткен референдум туралы өз әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенконың айтуынша, байқаушылар ел аумағында еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеп, халықаралық байқау қағидаттарын сақтаған.
"Қазақстанның ұсынысы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап республикалық референдумды дайындау және өткізу барысына мониторинг жүргізді. Миссия ел заңнамасын және Достастық құжаттарын басшылыққа ала отырып, ашықтық, бейтараптық және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтап, еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді. Миссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізілді. Миссия штабы референдумға дайындық барысы туралы тұрақты түрде ақпараттық хабарламалар таратып отырды. Сондай-ақ баспасөзге арналған кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар берілді", – деді Петришенко.
Оның мәліметінше, миссия құрамында 161 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олар дауыс беру күні елдегі көптеген учаскеде бақылау жүргізген.
"Референдум күні миссия өкілдері Қазақстанның тоғыз өңіріндегі 750-ден астам дауыс беру учаскесіне барды. Сонымен қатар шетелдегі учаскелерде де бақылау жүргізілді. Миссия мүшелерінің ақпараты бойынша, барлық учаскелер уақытында ашылып, дауыс беру Мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталып, ұйымдасқан әрі тыныш жағдайда өтті", – деді ол.
Оның айтуынша, дауыс санау рәсімі заң талаптарына сәйкес жүргізілген.
"Дауыстарды санау рәсімі заңнамаға толық сәйкес өтті. Байқаушылар тіркеген жекелеген кемшіліктер техникалық сипатта болып, учаскелік комиссиялар тарапынан жедел түрде түзетілді", – деп қорытындылады ТМД байқаушылар миссиясының басшысы.
Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Бударина дауыс беру нәтижелері қазақстандықтардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсететінін атап өтті.
"Мұны біз дауыс беру нәтижелерінен көріп отырмыз. Бұл азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар дауыс беру үшін барлық мүмкіндіктердің толық қамтамасыз етілгенін аңғартады. Бұған комиссиялардың дауыс беру тәртібі мен рәсімдері туралы жүргізген кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ықпал етті. Тағы да атап өткім келеді – бұл мүмкіндіктер толық әрі жан-жақты қамтамасыз етілді", – деді Ресей ОСК өкілі.
Наталья Бударина сондай-ақ дауыс беру учаскелеріндегі атмосфераға тоқталды.
"Учаскелерде өте жылы әрі достық атмосфера қалыптасты. Мұны референдумға қатысушылар да, бақылаушылар да байқады. Кейбір жерлерде кезек болғанына қарамастан, бәрі өте сыпайы әрі ұйымшыл жағдайда өтті", – деп қосты ол.
Референдум-2026 туралы барлық жаңалықтарды сілтеме бойынша оқи аласыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript