Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысты маңызды мәлімдеме жасалды

Ипотека, жұмыс істейтін жастар, жалға берілетін тұрғын үй, бағдарлама, Аида Балаева, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.04.2026 15:54 Сурет: Zakon.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұрғын үй мәселесі Қазақстандағы жас отбасылар мен мамандар үшін ең маңызды мәселелердің бірі екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сондықтан 2026 жылдың 4 сәуірінде ол жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып, кеңінен түсініктеме берді.

"Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды.Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды", деп жазды сенбіде Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Ол бағдарлама шарттары бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланатынын жеткізді. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Бұл ретте негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді.

"Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз.Алайда мемлекеттік шешімдер Заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді". Аида Балаева

Министрдің айтуынша, ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды.

"Мәселен, "Отбасы банкімен" бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары.Сондай-ақ жас азаматтар "Отау" және "Наурыз", "Наурыз Жұмыскер" республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болды. Бүгінгі таңда барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі". Аида Балаева

2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қол қойылды. Оған қоса заңнамаға, соның ішінде жастар саясаты бойынша жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нормаларға өзгерістер енгізілді.

"Соған сәйкес, 2026 жылғы 27 наурыздағы № 136-НҚ бұйрық негізінде "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы" бірқатар бұйрықтардың күші жойылып, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады". Аида Балаева

Оның айтуынша, босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесі тұрғын үй заңнамасына және белгіленген кезекке сәйкес шешілетін болады, бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде.

Министр қазіргі жалға алушыларға да тоқталды:

  • жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек;
  • жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.
"Барлық сұрақтар бойынша әкімдіктер мен "Отбасы банктен" кеңес алуға болады. Мәселені кейінге қалдырмай, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін алдын ала бағалау маңызды.Біз тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмысты жалғастыра береміз", деп сөзін түйіндейді Аида Балаева.

Бұған дейін миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталғаны, жоғары мемлекеттік награданы оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстағаны хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: