Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Бегунов 101 жасқа толды

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Бегунов 101 жасқа толды, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.04.2026 16:34 Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Матвеевич Бегуновтың 101 жас мерейтойына орай әскери қызметшілер оны салтанатты түрде құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мерекелік іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Құрлық әскерлері әскери институтының қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің Алматы филиалы қатысты. Олар мерейтой иесіне Қорғаныс министрінің құттықтау хатын оқып беріп, Отан қорғау жолындағы ерлігі мен ұзақ жылғы еңбегі үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Салтанатты көңіл-күйді Ұлттық ұланның әскери оркестрі күшейтіп, соғыс жылдарындағы әндерді орындады.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі

Иван Матвеевич келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, баршаға бейбіт өмір, денсаулық және ашық аспан тіледі.

"Ең бастысы – бейбітшілік болсын. Бір-бірлеріңізді аялаңыздар, өмірді бағалаңыздар, жүректеріңіз таза болсын", – деп ақ батасын берді ардагер.

Жасына қарамастан, ардагердің көңілі сергек, елдегі және әлемдегі жаңалықтарға қызығушылық танытады, сондай-ақ үлкен әрі қамқор отбасымен бірге өмір сүріп келеді.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі

Иван Матвеевич 1925 жылғы 15 сәуірде Житомир қаласында дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап оны нағашы әжесі тәрбиелеген. 16 жасында жұмыс іздеп Батыс Қазақстанға көшіп келеді, көп ұзамай соғыс басталады.

Ол майданға Ақтөбе облысынан шақырылып, Украин майданында 228-ші гвардиялық атқыштар полкінде пулеметші болып қызмет атқарған. Еуропа елдерін азат ету шайқастарына қатысып, 1945 жылдың мамыр айында жеңісті Прагада қарсы алған.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі

Ерлігі мен табандылығы үшін Қызыл Ту орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен және басқа да жауынгерлік марапаттармен наградталған.

Соғыстан кейін Иван Бегунов Қызылордадағы "Казстроймонтаж" кәсіпорнында прораб болып, кейін Алматыдағы "Казэлектромонтаж" мекемесінде еңбек етіп, бейбіт құрылыс ісіне өз үлесін қосқан.

Бүгінде ардагер қызы Иринамен бірге тұрады. Оның бес немересі, он бір шөбересі және бір шөпшегі бар. Үлкен отбасы ардагердің өмір жолын мақтан тұтып, оның өнегесін жалғастырып келеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: