Қазақстанда 20 жылға жуық уақыт бойы ашылмай келген қылмыс әшкереленді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Ақмола облысының полицейлері шамамен 20 жыл бұрын жасалған ақша ұрлау дерегін ашты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күдіктінің ізіне 2007 жылы оқиға орнынан алынған саусақ іздерінің көмегімен түсу мүмкін болған.
Қылмыс Атбасар қаласында жасалған. Сол кезде шаруа қожалығы иелерінің бірінің автокөлігінен ірі көлемде ақша ұрланған.
"Гаражда тұрған автокөліктен 300 мың теңге қолды болған. Ол уақытта бұл қомақты қаржы саналған. Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Алайда күдіктіні сол сәтте анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан криминалистер оқиға орнын мұқият тексеріп, саусақ іздерін алып, арнайы дерекқорға сақтап қойған", – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көп жыл бойы қылмыстық іс ашылмай келген.
Алайда 2026 жылдың көктемінде атбасарлық жедел уәкілдер күдіктінің ізіне қайта түсті.
Жергілікті тұрғын полицейлердің назарына есірткіге қатысты қылмыс бойынша іліккен. Тергеу әрекеттері барысында оның саусақ іздері алынып, криминалистикалық есеппен салыстырылған.
Тексеру нәтижесінде бұл іздердің шамамен 20 жыл бұрынғы ұрлық орнынан табылған саусақ іздерімен толық сәйкес келетіні анықталды.
"Қазіргі уақытта күдіктінің аталған қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Ер адам кінәсін мойындап, жауап берді", – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript