Астанада полицейлер күшейтілген режимге көшті
Сурет: polisia.kz
Ішкі істер министрлігінің 25 мамырдағы мәліметіне сүйенсек, ҚР Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінің аумағында қосымша күштердің, елордалық полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен жалпы гарнизондық саптық таралым өтті.
"Іс-шараға Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, сондай-ақ ҚР ІІМ арнайы күштер және жедел басқару департаментінің бастығы Сабыр Жүсіпбеков қатысты. Саптық таралым маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар қарсаңында жеке құрамның қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға дайындығын тексеру мақсатында ұйымдастырылды",- делінген ақпаратта.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне елорда аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар азаматтар көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындармен сыпайы әрі әдепті қарым-қатынас орнату мәселесіне ерекше назар аударылды.
28-29 мамырда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысы өтеді.
Бұған дейін ІІМ азаматтарды аккаунттар мен sim-карталарды бөгде адамдарға бермеуге шақырғанын жазғанбыз.