Елімізде аэротакси қашан іске қосылады: болжамды мерзімдер белгілі болды
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Астанада өткен аэротаксидің таныстырылымы кезінде Alatau Advanced Air Group компаниясының жоба менеджері Данияр Өтеулин елімізде алғашқы аэротакси рейстерін қашан іске қосу жоспарланып отырғанын және жобаны жүзеге асыру мерзімі қандай факторларға байланысты екенін айтып берді.
Оның айтуынша, жобаны іске қосу мерзімі бірнеше факторға тәуелді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – ұшу аппараттарын Қазақстанда сертификаттау рәсімінен өткізу.
Спикер қазіргі уақытта компания бір өндірушімен жұмыс істеп жатқанын, алайда басқа да ықтимал серіктестерді қарастырып отырғанын атап өтті. Сондықтан коммерциялық рейстердің нақты басталу мерзімі сертификаттау рәсімінің аяқталуына байланысты болмақ.
"Айта кету керек, біз бұл жүйені іске қосуды жоспарлап отырған Алатау қаласы бойынша арнайы конституциялық заң қабылданып, оған Президент қол қойды. Бұдан бөлек, жуырда ғана Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар пакеті енгізілді. Соның нәтижесінде заңнамада аэротакси, вертипорт және басқа да қажетті ұғымдар ресми түрде бекітілді. Яғни бізге қажет барлық құқықтық негіз қалыптастырылды. Сонымен қатар кореялық серіктестеріміз навигация және диспетчерлік басқару жүйесін таныстырды. Бұл жүйе тек аэротаксиге ғана емес, дрондарға да арналған. Яғни әуеде қозғалатын барлық ұшу құралдарының қозғалысы ірі авиациядағыдай реттелетін болады. Осы жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін, қажетті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, ұшу аппараты сертификатталған соң және сертификатталған ұшқыштарды даярлағаннан кейін жобаны толық іске асыруға мүмкіндік туады", – деді Данияр Өтеулин.
Оның айтуынша, коммерциялық рейстерді 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен бұл мерзім әртүрлі факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.
"Біз коммерциялық рейстерді мүмкіндігінше жақын уақытта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бәрі көптеген факторға байланысты. Атап айтқанда, ұшу аппараттарын сертификаттау, ұшқыштарды даярлау және жерүсті инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. Яғни вертипорттар салынып, қала мен облыстың бірнеше нүктесінде қону алаңдары жасалуы тиіс. Бұл орындарда жолаушылар күтіп, аэротакси қонып, қайта қуатталатын болады", – деді Данияр Өтеулин.
Бұған дейін Қазақстанда аэротаксимен ұшу құны қанша тұратындығын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript