Ақтауда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар тартылған 9 млрд теңгені құмар ойындарына жұмсаған: сот үкім кесті
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Ақтауда "Sax Invest" қаржы пирамидасын құрған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шығарылды. Пирамида ұйымдастырушылары түрлі жылдарға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Істің мән-жайын 2026 жылғы 28 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі айтып берді.
"Қылмыстық топ ұйымдастырушылары инвестициялық қор ретінде жасырынып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар, Африка елдеріндегі алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысып жатқанын мәлімдеген. 2018–2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам салымшы тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асты". ҚР ҚМА
Тергеу барысында салынған қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды.
"Кейіннен бұл қаражат жеке мақсаттарға, оның ішінде құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттіліктерге жұмсалған. Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді". ҚР ҚМА
Сонымен қатар, азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript