Алматы облысында жастардың қатысуымен тарихи ескерткіштер аумағын абаттандыру акциясы өтті
Сурет: Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігі
Іс-шараға жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және аудан тұрғындарынан құралған 150-ге жуық адам қатысты.
Акция барысында қатысушылар ескерткіштер аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, шөп шабу және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жастардың белсенді қатысуы туған жердің тазалығын сақтауға және тарихи-мәдени мұра нысандарына ұқыпты қарауға бағытталды.
Сонымен қатар жастар арасында тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи тұлғалардың ел тарихындағы рөлін насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға Сұраншы батыр мен Саурық батырдың ерлік жолы, ел қорғаудағы тарихи орны және олардың өнегесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызы туралы ақпарат берілді.
Аталған акция жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, тарихи ескерткіштерді сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға және туған өлкенің тарихи мұрасына деген құрметті нығайтуға ықпал етті.
Іс-шара барысында ұрпақтар сабақтастығына, тарихи жадты сақтауға және аға буынның өнегесін жас ұрпаққа жеткізуге ерекше мән берілді.



