Екі айдан бері жалақы алмаған: Алматыдағы медицина қызметкерлері масақ теріп, қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр
Фото: akorda.kz
КТК арнасының мәліметінше, 250 қызметкерге 187 млн теңге жалақы берешегі жиналған. Кейбір медицина қызметкерлері жұмыстан кейін егістікке барып, егін жинауға көмектеседі немесе автобус жуады. Орталықта 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан акушер Сәулеш Галфай екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын және жалақысының аздығына байланысты қосымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтты.
"Қарызға белшеден баттық, несиелерімізді төлей алмай жүрміз. Пайыз үстіне пайыз қосылып жатыр. Балаларымызға нан алатын ақша да таба алмай қалдық. Үш күннен бері далаға шығып, масақ теріп жүрміз", – деді медбике Жанар Қалдыбаева.
Мекеме басшылығы жалақы бойынша берешектің бар екенін растады. Олар мұны қаржыландырудың жеткіліксіздігімен түсіндірді. Қазір орталық қосымша қаражат бөлу туралы өтінімнің қаралуын күтіп отыр. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жалақы төлеу үшін қосымша қаржы бөлінгенін хабарлады.
"Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселесін шешу үшін қор қосымша қаражат бөлді. Бұл қаражат алдағы күндері төленеді", – деді қордың Алматы облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев.
Қазір қызметкерлер қаражаттың есепшоттарына түсуін күтіп отыр. Олар жалақының кешігуі енді қайталанбайды деп үміттенеді.
Бұған дейін Қазақстанға қанша медицина қызметкері қажет екені хабарланған болатын.