Алматыдан Павлодарға ұшып шыққан ұшақ әуежайға оралды
Фото: unsplash
Компанияның мәліметінше, FS-7131 рейсі Алматыдан ұшып шыққаннан кейін кері қайтқан. Ал Павлодардан Алматыға бағытталған FS-7132 рейсі тоқтатылды.
Ұшу кезінде Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлап, жауын-шашын күтілген. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында мұздануға қарсы арнайы өңдеуден өтуі керек. Алайда Павлодар әуежайында мұндай мүмкіндік болмағандықтан, қауіпсіздік мақсатында ұшақты Алматыға қайтару туралы шешім қабылданған.
FlyArystan рейстердің қайта басталатыны туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
Жолаушылар не істей алады?
Компания жолаушыларға бос орындар болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін қайта рәсімдеуге немесе билет ақшасын толық қайтарып алуға мүмкіндік береді.
FlyArystan мобильді қосымшасы немесе ресми сайты арқылы билет сатып алғандар оны "Менің сапарларым" бөлімінде өз бетінше өзгерте немесе қайтара алады. Ал билетті байланыс орталығы, үшінші тарап сервистері немесе туроператорлар арқылы сатып алған жолаушылар сол жерге жүгінуі керек.
Компания брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлама жіберілгенін атап өтті.
Жолаушылар тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне WhatsApp арқылы (+7 702 702 02 27, тек хабарламалар үшін) немесе сайт пен қосымшадағы Live-chat арқылы хабарласа алады.