Қазақстанда ұшақ бортында жоғары жылдамдықты Wi-Fi іске қосылды
Сурет: Zakon.kz
Жақсы жаңалықты ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі бөлісті.
"Бүгін, 2026 жылғы 29 қазанда, Алматыдан Ташкентке бортында жоғары жылдамдықты спутниктік интернеті бар Air Astana әуе компаниясының алғашқы ұшағы ұшып шықты. Wi-Fi жүйесі EI-KGB тіркеу нөмірі бар Airbus A321LR ұшағына орнатылды", — делінген хабарламада.
Air Astana әуе компаниясы жабдықты орнату жұмыстарын өз техникалық мамандарының күшімен, компанияның техникалық базасында жүргізіп жатқанын хабарлады.
2027 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасатын жарнамалық кезеңде барлық жолаушы интернетті тегін пайдалана алады.
2027 жылғы 1 ақпаннан бастап тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебесі бар қатысушыларына қолжетімді болады.
Ал Nomad Club бағдарламасының барлық деңгейдегі қатысушылары бортта мессенджерлерді тегін пайдалана алады. Қалған жолаушылар интернетке ақылы пакеттер арқылы қосылады.
Әуе компаниясының мәліметінше, Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғасады.