"Біреудің қайғысы – бәрімізге ортақ": Қызылорда тұрғындары өрттен зардап шеккендерге қан тапсырып жатыр
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Әлеуметтік желілерде қан тапсыруға шақырған хабарламалар тарап жатыр. Тұрғындар көмек сұраған жазбаларды бір-біріне жолдап, мәртебелеріне жариялап, таныстарына хабарласып жатыр. Көпшілік үндеуге бейжай қарамай, таңертеңнен бастап облыстық қан орталығына келе бастаған. Олардың дені өзгенің басына түскен қайғыға немқұрайлы қарай алмағандықтан донор болуға шешім қабылдаған.
"Қазірдің өзінде 200-ден астам қызылордалық қан тапсырды. Адамдар легі әлі де толастамайды деп ойлаймын. Қан әрдайым қажет. Донорларымыздың басым бөлігі – еріктілер. Қазақ халқына тән керемет адами қасиеттер бар. Олар – ауызбіршілік, жанашырлық және қиын сәтте көмекке келуге дайын тұру. Қандай да бір қайғылы жағдай болғанда, адамдар өздері бізге келіп, қан тапсыру арқылы қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетеді", – деді облыстық қан орталығының директоры Жалғасбек Үсенов.
Оның айтуынша, донор болуға ниет білдіргендердің арасында жастар да, аға буын өкілдері де бар. Бірі үшін бұл – азаматтық жауапкершіліктің қалыпты көрінісі болса, енді бірі алғаш рет осындай маңызды іске үлес қосуды жөн көрген. Өйткені адам өміріне қауіп төнгенде донор қанының құны өлшеусіз. Әсіресе, ауыр күйік алған науқастарға қан аса қажет. Оларды күрделі емдеу шаралары, ота және басқа да медициналық процедуралар күтіп тұр.
"Осындай қайғылы оқиғалар болғанда, қала тұрғындары бірден үн қосады. Оның үстіне, тек облысымызда болған оқиғаларға ғана емес, басқа өңірлердегі жағдайларға да бейжай қарамайды. Қаңтар оқиғасы кезінде, Ақтауда қайғылы жағдай болғанда да қызылордалықтар қан тапсыруға бола ма деп келіп сұрады", – деді облыстық қан орталығының директоры Жалғасбек Үсенов.
Қала тұрғындарын бір мақсатқа жұмылдырған қайғылы оқиға 2026 жылғы 5 қарашада "Кимчи" кафесінде болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс пен одан кейін шыққан өрт салдарынан 1994 және 2006 жылы туған екі ер адам зардап шеккен.
Алдын ала мәлімет бойынша, дәмхананың мангал аймағында газ-ауа қоспасы тарап, соңы жарылысқа ұласқан. Артынша өрт шыққан. Құтқарушылар ғимарат ішіндегі газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, екінші жарылыс қаупінің алдын алған. Өрт шарпыған аумақ 25 шаршы метрді құрады.