Президент III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі

Тоқаев халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын атап өтті, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.11.2026 13:05 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызына, ғылым мен білімнің жаһандық өркениеттегі рөліне және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, форумға жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар, білім саласының білікті мамандары мен сарапшылар қатысып жатыр. Жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселелері жан-жақты талқылануда.

Мемлекет басшысы қазіргі тұрақсыз әрі бұлыңғыр кезеңде әлемдік университеттер қауымдастығының салмақты пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі маңызды екенін атап өтті.

"Сіздердің, яғни ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ғылымның адамзат үшін ортақ игілік екенін айтып, ғылыми жетістіктерді елдердің жарқын болашағы мен азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту жолында тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.

"Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның Қазақстан үшін тарихи кезеңде өтіп жатқанына да назар аударды. Биыл еліміздің тәуелсіз мемлекет болғанына 35 жыл толады.

Президенттің сөзінше, Қазақстан осы уақыт ішінде халықаралық беделі жоғары, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын, аймақта көш бастап тұрған және әлем мойындаған мемлекетке айналды.

"Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды", – деді ол.

Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер халықтың өміріне және бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде.

Форум аясында ғылымды дамытуға және өзге де өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер мен тиімді ұсыныстар айтылып жатыр. Президент мұндай бастамалар отандық және шетелдік жоғары білім беру саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: