2027 жылдан бастап Қазақстандағы қонақүйлерге қойылатын талаптар өзгереді

2027 жылдан бастап Қазақстандағы қонақүйлерге қойылатын талаптар өзгереді, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.11.2026 18:16 Сурет: pixabay
Қазақстанда қонақүйлерге арналған жаңа ұлттық стандарт бекітілді. Қонақтар қандай қызметтерге қол жеткізе алады және қонақүй иелеріне қандай талаптар қойылады? Бұл туралы 2026 жылғы 24 қарашада ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қонақүй қызметіне қатысты СТ РК ISO 22483-2026 "Туризм және оған қатысты қызметтер. Қонақүйлер. Қызмет көрсетуге қойылатын талаптар" ұлттық стандарты ISO 22483:2020 халықаралық стандарты негізінде әзірленді. Құжат 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Оны ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті.

"ҚазСтандарт бұл құжатты кез келген санаттағы қонақүйлерге арнап әзірледі. Стандарт нөмірді брондаудан бастап қонақүйден шығуға дейінгі сапардың барлық кезеңін қамтиды. Қонақ брондау жасамай тұрып, тұру құнын, алдын ала төлем қажет пе және броньды қандай шарттармен жоюға болатынын білуі керек. Қонақүй өтінімді 24 сағат ішінде қарауы тиіс. Келу және шығу уақытын қонақүйдің өзі белгілейді. Дегенмен стандарт қонақтарды сағат 14:00-ден кешіктірмей орналастыруды, ал шығу уақытын түскі 12:00-ден ерте белгілемеуді ұсынады", – делінген ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Мысалы, қонақ броні расталған соң сағат 14:30-да, яғни қонақтарды орналастыру басталғаннан жарты сағат өткенде келді делік. Алайда оның нөмірі әлі жиналып жатса, қонақүй қызметкерлері оған жүгін сақтайтын орын ұсынуы керек. Күту уақыты үшін қонақүй өз таңдауы бойынша қосымша қызмет көрсетеді. Мысалы, қонаққа шай ұсына алады.

Тағы бір жағдай таңғы ас кезінде туындауы мүмкін. Баласының жаңғаққа аллергиясы бар ата-ана қандай тағамдарды жеуге болатынын сұраса, қызметкерлер тағам құрамын түсіндіруі тиіс. Отбасының өтініші бойынша жаңғақ қосылмаған кемінде бір тағам ұсынуы қажет. Бұл асүйде бар өнімдерге байланысты шешіледі.

"Ауызсу қонақтарға тәулік бойы қолжетімді болуы керек. Қонақтар орналасқан нөмірлер күн сайын жиналады. Алайда есікте "Мазаламаңыз" деген белгі тұрса, тазалық жұмыстары кейінге қалдырылады. Қонақ нөмірде болған кезде оны жинау үшін рұқсат алу қажет. Қызмет көрсетуге қатысты шағымды ауызша немесе жазбаша беруге болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, қандай шара қолданғанын көрсетуі тиіс", – делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ қонақүй жарақат алу қаупі туралы қонақтарды алдын ала ескертуі керек. Мысалы, холлдағы еден тазалаудан кейін әлі дымқыл болса, ескерту белгісі қойылуы тиіс. Бассейн маңындағы тақтайшаларда оның тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені және құтқарушының кезекшілігі туралы ақпарат болуы қажет. Құтқару жабдықтары көзге көрінетін, еркін алуға болатын жерде тұруы керек.

Бассейнде жазатайым оқиға болса, қызметкерлер алдын ала бекітілген жоспар бойынша әрекет етіп, оқиғаны тіркеуі қажет. Қонақүй қызметкерлерін оқыту бағдарламасына алғашқы көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдері де енгізіледі.

Бұдан бөлек, стандарт қонақүй көрсететін қызметтерді ескере отырып, оның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды қарастырады.

"Мұндай тәсіл қонақүйге қызмет сапасын жекелеген жағдайлар бойынша емес, қызмет көрсетудің барлық кезеңі бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Қонақүй басшылары үшін стандарт қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалайтын өлшемдерді белгілейді. Сондай-ақ құжат міндеттерді қызметкерлер арасында бөлуге және олардың оқуын жоспарлауға көмектеседі. Жеке талаптар гигиена мен тамақ қауіпсіздігіне, ортақ аумақтардың тазалығына, жабдықтарға қызмет көрсетуге, іс-шаралар мен бос уақытты ұйымдастыруға қатысты. Стандарт ішкі сапа бағалауы мен жұмысты жақсарту жоспарына да негіз бола алады", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: