Алматыда халықаралық "Star of Asia - 2018" музыка фестивалі өтеді
Алматыда биылғы жылдың маусымында еліміз үшін елеулі оқиға - Халықаралық "Star of Asia - 2018" музыка фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль 16-17 маусымда биік тау шатқалындағы "Медеу" спорт кешенінде өтеді, деп хабарлайды Bnews.kz.
Оған әлемдік деңгейдегі хэдлайнерлер қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар бұл ауқымды шоуға қала тұрғындары қызығушылық білдіреді деген үмітте. Алматы әкімдігі "Star of Asia- 2018" фестивалі бағдарламаларының құпиясын толық ашпай отыр. Дегенмен, аталған шоудың ауқымды, жарқын әрі технологиялы тұрғыда іске асатынына толық сенімді.
Фестивальді өткізуге "Медеу" биік мұз айдынының таңдалғаны тегін емес, шың - құздардың ұлылығы шынайы өнер жұлдыздарының символындай. Фестиваль әртістің әлемдік аренаға шығуына ерекше ықпал ететін болады. "Star of Asia" бір мезетте әлемнің 118 елінен беріледі, оған қатысушылардың көпшілігі фестиваль алаңында өзінің бар болмысын көрсете алады.
2018 жылдың бағдарламасы өте жан-жақты. Алғашқы күні үздік халық әндері, ұлы композиторлардың күйлері мен шығармалары орындалады. Аталған шараның басты ерекшелігі дәстүрлі әншілер танымал эстрада орындаушыларымен дуэт болып ән салады, танымал топтар да болады.
Екінші күні әлемдік эстраданың хэдлайнерлері басты катализаторларға айналады. Меломандарға қазақ және шетел әншілерінің орындауында "музыкалы коктейльдер", "опера + hip-hop", "космостық джаз + электронды музыка" ұсынылады. Star of Asia билеттерін қала кассаларынан және шара сайтынан алуға болады.