Тәуекел Мүсілім бойдақтық өмірмен қош айтыспақ
Досы Артурдың ізімен Тәуекел Мүсілім де бойдақтық өмірмен қош айтыспақ! Таяуда сүйіктісі жайлы бар шындықты айтқан актер үйленуге шындап ниет етіп отырған ұқсайды. Ол, тіпті болашақ қалыңдығымен бірге отандық журналдың мұқабасына шыққан, деп хабарлайды Stan.kz.
Тәуекел Мүсілім десе сан мыңдаған қазақстандық қыздардың жүрегі елең ете қалады. Сымбатты да бойшаң жігіт осы уақытқа дейін бірталай арумен көзге түскен еді. Көпшілік оны Гүлназ Жоланова, Мақпал Исабекова, Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, тіпті Ерке Есмахан сынды танымал бикештермен жұптастырып үлгерген. Оған өзіндік себеп те жоқ емес.
Отандық телехикаялар мен бейнебаяндарда Тәуекел аты аталған қыздардың барлығымен дерлік жұптасты. Тіпті, сезімге ерік беріп, Жанар Дұғаловамен оттың ортасында сүйіскені әлі де ел есінде.
Десе де, Мүсілімнің сүйіктісі өнер әлемінен емес. Бұл туралы Тәуекелдің өзі жуырда сыр ашқан болатын. Әдетте жеке өмірі жайлы сұрақтарға екіұшты жауап беретін актер бұл жолы расымен де үйленуге ниет етіп отырғанын, тіпті арманындағы аруды кездестіргенін айтты.
Тәуекелдің сүйіктісі өзінен 11 жас кіші студент. Қос ғашықтың үйлену тойы қашан болатыны белгісіз. Десе де, Wedding for Seasons журналының мұқабасына қарасақ, тойдың да ауылы алыс емес көрінеді.