“Кафе махаббат”: Көрермендер Ерке Есмаханның қатесін бетіне басты
Әдетте Ерке Есмахан желідегі әр постында батыс диалектісін жиі қолданады. Орфография заңдарына бағынбайтын Еркеге жанкүйерлері қатесі жайлы жиі ескерту жасайды. Бұл жолы да әнші жұрттан сөз естіді. Тек посттағы қатесі үшін емес, деп жазады Stan.kz тілшісі.
Жыл басында Ерке кино саласына бет бұрғанын айтып, тырнақалды туындысына кіріскен еді. Атауын да жасырмады – “Кафе махаббат”. Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен туынды қазан айында жарық көрмек. Режиссердің де, продюсер Ерке Есмаханның да айтуына қарағанда, романтикалық комедия жанрында түсірілген фильм көрермен үшін қызықты болмақ.
Тек әлі трейлері де шығып үлгермеген фильм афишасында кеткен қате көптің назарын аудармай қоймады.
Біріншіден, көзі қарақты көрермен “Кафе махаббат” атауының орысшадан тікелей аударылғанын айтуда. Көптің пікірінше, қазақ тілінде “Махаббат кафесі” деген жөн. Еркенің өзі “Кафе махаббат” деп жар салып жүргенімен, афишада көптің ұсынысы ескерілген ұқсайды. Тек екі сөздің орны ауысып тұрғандықтан, “Кафесі Махаббат” атауы халықтың құлағына түрпідей тиіп тұр.
Екіншіден, фильмде өнер көрсеткен актерлердің бірі Қылышбек Қасымбековтің тегі афишада қате көрсетіліпті. Мұны да байқап үлгерген көрермен Ерке Есмаханға ескерту жасады.