“Қалаулымдағы” Мәди әйеліне тіл тигізген адамдарға жауап берді
Қазақстандық “Қалаулым” бағдарламасының танымал қатысушысы Мәди Рахымбай бүгінде шаңырақ көтеріп, отағасы атанған. Жеке кәсібін басқарып, мансап қуып Астанаға көшіп кеткен ол, “Қалаулымдағы” кейбір достарымен әлі де араласып тұрады екен. Stan.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына берген сұхбатында Мади әйелін қалай кездестіргенін, екеуі қыз-жігіт ретінде қанша уақыт жүргенін және бағдарламадан не түйгенін айтып берді
Мәди, өзіңіз жайлы қысқаша тоқталып өтсеңіз
Сегізге толғанға дейін қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас елді мекені, Ботпай ауылында тұрдым. Сол жерде дүниеге келдім. 8 жасымда Алматы қаласына отбасымызбен көшіп кеттік. Жаздық демалыста ауылға барып тұратынмын ата-апама. Мектепте мен өте бұзық, белсенді едім. 10 сыныпқа дейін бойым ең кішкентай болды, мәселе бойда емес — ойда деп өзіме стимул беретінмін. Сабақты қатырмасақ та төбелес, қоғамдық жұмыс десе бірінші тұратынмын.
Алматы Технологиялық Университетінің мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі мамандығын тәмәмдадым. Магистратураны Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде Аграрлық техника және технология мамандығын бір жыл оқып, мамандығымды ауыстырдым.
Астанаға көшуіңіздің басты себебі?
Жұмыс мәселесіне, мансапқа байланысты көшу керек болды. Қазір Республикалық танымал бір қоғамдық ұйымның төраға орынбасарымын. Жеке кәсібім бар. Сонымен қатар, білім саласында жұмыс жасап келе жатқаныма 5 жылдай болып қалғанын айтқым келеді.
Үйленіп, отағасы атануыңызбен құттықтаймыз. Жалпы, жарыңызбен қашан, қалай кездестіңіз? Екеуіңіз қанша уақыт қыз-жігіт болып жүрдіңіздер? Сізді жарыңыз несімен баурап алды?
Әйгерім екеуміз бір ай ғана таныс болдық. Бір айдан кейін құда түсіп сырға салдым. Бұл қыз менің өмірлік жарым болады деген шешімге келуге бір-ақ ай жетті. Бір қызығы, Әйгерім екеуміздің туылған жеріміз бір, оның анасы да, мен де ботпаймын. Және біз танысқанға дейін бір уақытта бір жерде 4-5 рет болған екенбіз. (Ауылда, Астанада, Алматыда)
Танымал адамның жары болу оңай емес, жарыңыз сізді көп қызғанады ма?
Енді пенде болғансоң қызғанышта болады, бірақ қызғанышқа мен жақтан себептер болмайды.
Шаңырақ көтерген соң да жанкүйерлеріңіз әйеліңіз жайлы түрлі нәрсені айтады екен. Жалпы, жеке өміріңізге араласып, жұбайыңыз бен өзіңізді сөгіп жүрген адамдарға не айтасыз?
Біреудің өмірін бақылап, оған жаман заттар айтатын да адамдар бар. Оларды түсінбеймін. Менің ойымша, жаман пікір жазатындар өмірде бақытты болмаған соң, жындарын біреуден алатын сияқты. Бақытты адам ешқашанда біреуге жамандық ойламайды. Сол үшін өз өмірімізді қадағалап, басқаларға тек жақсылық ойлап жүрейік, сол кезде Алла тағалам разы болар бізге.
Қалаулым жобасына келгендегі түпкі, негізгі мақсатыңыз қандай? Бағдарламадан не түйдіңіз?
Басты мақсат, өз жартымды кездестіру. Бағдарламадан кейін кәдімгідей көзім ашылды. Өмірде неше түрлі адамдар бар екенін, достықтың қандай болатынын, кей адамдар атақ үшін бәріне баратынын білдім. Өмірге және адамдарға деген көз қарасым өзгерді деп айтсам болады.