Түріктің бас аруы Айдан Шенер қазір қандай
90-шы жылдары Қазақстанда түріктің Çalıkuşu сериалы (орысша атауы – "Королёк — птичка певчая") көрсетілді.
Түрік жазушысы Решат Нури Гюнтекиннің 1922 жылы жазған романы бойынша түсірілген 7 сериялы фильм 1986-шы жылы экранға шықты.
Бұл сериалда басты рөлдегі Феридені түріктің 23 жастағы ару қызы Айдан Шенер ойнаған.
Айдан Шенер бір-ақ сәтте әлем бойынша миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады.
Айдан Шенер 1963 жылы 1 наурызда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Киллис қаласында туған. Анасы – қырым татары, музыкатанушы болған әкесінің арғы тегі орыстан тараған. Айданның арғы атасы 1877 жылы христиан дінін қабылдағысы келмей, Қазаннан қашып келген. Жалпы, сол жылдары Ресей христиан дінін мәжбүрлі түрде тықпалағандықтан көптеген мұсылман баласының Ресейден кетуіне тура келген.
Бурса қаласында мектеп бітірген Айдан модель жолын қуып, 18 жасында "Түркия аруы" атанып, 1981-ші жылы "Әлем аруы" байқауына Түркияның атынан қатысты. Бірақ әлемнің бас аруы атағын сол жолы Венесуэланың қызы Пилин Леон алып кетті.
Айдан алғашқы фильміне 1983-ші жылы түсті. "Кішкентай бастық" деп аталатын шағын сериалда Эмине деген қыздың рөлін ойнады. Ал 1986 жылы режиссер Осман Ф.Седен Айданды Çalıkuşu сериалының басты рөліне шақырды.
Содан бері Айданның өзі де, Түркияда жыл сайын әлі көрсетілетін әлгі сериал да елдің аузынан түспей келеді.
1983-ші жылы Айдан түркиялық танымал футболшы Айхан Акибке күйеуге тиіп,1991-ші жылы ажырасты. Екеуінің Эджем есімді қызы бар.
Айдан Шенер – мұсылмандықты ұстанады. Қазір үйсіз жануарларды қорғаумен айналысады, түрлі мәдени, киноға қатысты шараларға шақырту алып, әлемді аралап жүр.