Шеттен келген әр қазаққа есігіміз ашық – Зауытбек Тұрысбеков
Әлемде саны 16 миллионнан астам қазақ болса, соның үштен бірі, яғни шамамен бес миллионы шет елдерде өмір сүреді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтарды атажұртқа шақырған 27 жылдың ішінде елімізге 1 милион қазақ көшіп келді.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың шеттегі қазақтармен байланыс, олардың елге оралуы туралы ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатын ұсынамыз.
– Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы, соңғы жылдары сәл бәсеңсіп қалғандай көрінген көші-қон мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін жаңа сипатқа ие болды. Оның бастамасымен Қауымдастық жанынан "Отандастар қоры" құрылды. Бұл қордың маңызы неде? Әңгімені осыдан бастасақ...
– Көші-қон мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Тіпті ұлттық тұрғыдағы негізгі міндеттердің бірі деуге болады. Дүниенің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақты бүгін көшіріп алмасақ, ертең жоғалтып алуымыз мүмкін. Мәселен, Қытай мен Ресейдегі қазақ балалары осыдан он жыл бұрын ана тілінде, яғни қазақ тілінде білім алып келді. Қазір бұл үрдіс азайды. Ресейдегі қазақтар орыс тілінде, Қытайдағылар – қытай тілінде оқуға көшіп жатыр. Ондағы қазақтардың тілден, ділден, дәстүрден айырылу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында ел ағасы Нұртай Әбіқаев басқаратын "Отандастар" қорын құрып, алыстағы ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын.Үкіметке арнайы тапсырма беріп, қазақтың мерейін көтеретін жұмыстар атқаруды тапсырды.
Көп ұзамай шет елдердегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған шаралар жоспары туралы арнайы Қаулы қабылданды. Бұл қаулы шет елдердегі қазақ диаспораларының білім алуына, ана тілін үйренуге, тарихи отаны мен мәдени-гуманитарлық байланысының артуына мүмкіндіктер ашты. Шет елдердегі қандастарымызды қолдау үшін ҚР Үкіметі жанынан ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамына Қаржаубай Сартқожа секілді ғалымдар тартылды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының орталық кеңсесі Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшіріліп, "Nur Otan" партиясы ғимаратына орналасты. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Шеттен келген әрбір қазаққа есігіміз ашық екенін айтқым келеді.
– Енді осы атқарылған жұмыстарға қарай ойыссақ. Шет елдердегі қазақтармен байланыс орнатуда қандай шаралар қолға алынды?
– Қауымдастықтың бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына көшкен соң, орталық мемлекеттік органдармен байланысымыз біршама артты. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, Ресей және Қытайдағы бауырларымыздың сұрауымен қазақ халқының салт-дәстүрі мен атақты тарихи тұлғалары туралы арнаулы роликтер шығара бастадық. Өткен жылы "Qazaqstan" телеарнасында "Қорқыт ата", мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов, қазақ халқының дәстүрі мен "Асар" жобасы туралы төрт ролик көрсетілді. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шет елдерде тұратын танымал қазақтар туралы "Алыстағы ағайын" фильмдер топтамасы түсірілді. Алғашқы екі фильм АҚШ-та жұмыс істейтін медицина және IT-технология саласының білгір мамандарына арналды. Үшінші фильм – қазақтардың Гималай асып, Қытайдан Түркияға барған 3 000 шақырым жолдағы ерлік тарихын әңгімелейді. Төртінші фильм – халқымыздың біртуар ұлы Мұстафа Шоқай мен "Азияның асау жүрегі" атанған Оспан батыр жайында. Оған Түркияда тұратын этникалық қазақтардан Мұстафа Шоқайдың өмірі мен мұрасын зерттеген Әбдуақап Қараның, шығармалары әлем тіліне аударылған жазушы, публицист Қызырбек Қайратолла ағамыздың зерттеу материалдары қолданылды. Қазіргі кезде осы төрт фильм қауымдастықтың сайтына орналастырылған және фильмдер циклін түсіру әлі де жалғасып жатыр.
Қандастардың оқу, білім алу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп келеміз. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ЖОО дайындық курстарына шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдеріне квота көлемі артып келеді. 2018 жылы шет елдерде тұратын қазақ жастарына 860 грант берілсе, 2019 жылы ЖОО дайындық бөлімдеріне 1 000 орын бөлінді. Содай-ақ биыл алғаш рет магистратураға – 125 грант, докторантураға – тағы 10 грант бөлініп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы шет елдегі және елге келген ағайынды қолдап, жәрдемдесу үшін жасалып жатыр. Ең негізгі мақсат – алыс-жақын шет елдегі қазақтардан, әсіресе жастардан айырылып қалмау.
– Шеттегі қазақтар арасында жастар мен балаларға айрықша мән берудің өзіндік сыры бар ғой?
– Иә, 2018 жылдың желтоқсанында Ресейдің Омбы қаласында Кіші құрылтай өткіздік. Ондағы қазақтардың мұңын тыңдадық. Көпшілігі ана тілін түсінбейтін халге жетіпті, тіпті 20 жасқа дейінгілер ұлттық болмыстан айырылып бара жатыр. Осылайша, Ресейдегі қазақтардың тілі мен ділін сақтау жөнінде арнайы пилоттық жобаны қолға алдық. Соның ішінде Ресейдегі қазақ балаларына екі жасынан бастап ана тілін оқыту туралы жоспар бар. Бұрындары ана тілін балаға анасы сіңіреді деуші едік, қазір 20-30 жастағы аналардың өзі тіл білмейді. Ана үйрете алмаса, мамандар келіп үйретсін, оған волонтерларды тартамыз. Оның үстіне, 2020 жылды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Волонтерлер жылы" деп белгіледі. Баяғыда орыстарда бірнеше тіл білетін, тарих пен дәстүрді білетін гувернанткалар болатын, олар балаларды тәрбиелейтін. Сол секілді, еріктілер де балаларға жастайынан қазақ тілін, дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тарихты үйретуі керек.
Қазақ мектептерінің бірқатар елдерде жабылуына байланысты біз, өз елімізде шетелдерде тұратын қазақтарға тіл үйрететін білім орталықтарын дамытуымыз керек. Бұл тұрғыда қазақ диаспораларының балаларын ана тіліне оқытуға еліміздің интеллектуалды мектептері мен жоғары оқу орындарының зор мүмкіндігі бар. Биылдан бастап, жазғы демалыс кезінде шет елдерден келетін 4 000 балаға қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы лагерьлер ұйымдастыруды қолға алдық. Жыл сайын "Балдәурен" лагерінде қазақ диаспораларының 150 баласы демалуға келетін. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып, "Балдәуренге" Еуропа, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 288 қазақ баласы демалып қайтты. ЭКСПО, Бәйтерек, "Алжир", "Бозоқ" сынды елорданың маңызды нысандарын аралады. Алған әсерлері керемет. Алдағы уақытта балалар санын 4 мыңға дейін көбейткіміз келеді. Олар үйіне барғасын айналасына үгіт-насихат жасайды, ата-анасын көшуге үгіттейді. Қазақстаннан достар тауып, байланыс орнатады, келешекте елге келуге әрекеттенеді. Көпшілігі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев Университетіне қызығып кетті. "Қалай түсеміз?" деп сұрап жатыр. Міне, біздің көздеген мақсатымыз осы. Білімге ынтасы зор балаларды қуана-қуана қабылдаймыз.
Сол секілді шет елдерде қазақ тілін оқытатын мұғалімдерді даярлау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Диаспора балалары арасында тіл мен мәдениетті үйретудің жаңа әдістемесі қажет. Олардың жасына сай қазақ тілін үйрететін интерактивтік әдістемеліктерді жетілдіру керек. Мәселен, біз "Қастерлі қалам" жобасын ұсындық. Бұл интерактивтік формада әріптерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үйретеді және қазақша ертегілер мен өлеңдерді тыңдап өсуге мүмкіндік береді. Еуропа елдеріндегі қазақ ұлттық орталықтарын музыка аспаптарымен, қолөнер бұйымдарымен, ұлттық киіммен қамтамасыз ету де шешімін күткен мәселелердің бірі еді. "Отандастар" қорымен бірлесе "Дәстүрлі қоржын" атты кең ауқымды жоба қолға алынып, шетелдегі қазақ мәдениет орталықтарының барлығы да қажетті құралдармен қамтылып отыр.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке жүктеген міндеттерінің бірі – шетелдегі қазақ ғалымдарын ел игілігіне жұмысқа шақыру еді. Бұл мақсатта қандай жұмыс жүріп жатыр?
– Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында қазақ диаспораларының Ресейде, Моңғолияда, Түркияда, Өзбекстанда, Қытайда, АҚШ-та, Еуропада тұратын өкілдерімен кездесулер өткіздік. Сыртқы істер министрлігінің көмегімен шет елдерде тұратын белгілі қазақтардың электронды базасы жасалды. Оған әлемнің 30 елінде тұратын 200-ге жуық белгілі қазақ енгізілді. Мәселен, АҚШ-тағы "Google" компаниясының аға инженері Ғалымжан Өтеулин, белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов, травматолог-хирург Жолдас Құлжанов (АҚШ), нейрохирург Шенол Жәдік (Германия) және басқалары бар. Осы база негізінде кәсіби мамандарды еліміздің дамуына тарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2018 жылы Сент-Луис университетінің профессоры Жолдас Құлжанов пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы арасында Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби білімін арттыру туралы ынтымақтастық орнатылды. Украинада тұратын белгілі қазақ кәсіпкері Нұртай Кенжебековтің франциялық "Ассоциация 42" бірегей методикасына негізделген оқу әдістемелігі бүгінде жоғары сұранысқа ие. Бұл бағдарламада оқытушының бақылауымен студенттер ойын түрінде бірін-бірі оқытады. Осындай оқыту арқылы жоғарғы білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярланады. Компанияның бөлімшелері АҚШ, ОАР, Румыния, Бельгия, Нидерланды, Ресей және Украина елдерінде жұмыс істейді.
– Елге келген қандастардың жұмыспен, баспанамен қамтылуы жөнінде не айтасыз?
– Тарихи отанына оралғысы келетіндер өте көп, алайда көпшілігіне қаражат қолбайлау болады. Олардың азаматтық алуын жеңілдетумен бірге, жас мамандарды тұрғын үй және жұмыспен қамтуға кепілдік бере отырып шақырғанымыз жөн болар еді. Бүгінде осындай екі жоба қолға алынып отыр. Оған еңбекке жарамды, қажыр-күші бар жастар керек. Яғни ендігі көштің сипаты басқа болуы тиіс. 35 жасқа дейінгі, нақты мамандықты игергендерге көп көңіл бөлінеді. Мен өзім Оңтүстік Қазақстанда әкім болғанда, шымкенттік кәсіпкер Ибадулла Қалибековпен бірлесіп, Өзбекстаннан келген 20 мың оралманды баспанамен қамтамасыз ететін "Асар" жобасын жүзеге асырдық. Сол ауылда қазір 26 мың адам тұрады екен. Өз мектебі, балабақшасы бар. Әр үйдің алдында жылыжайы бар. Сол жылыжайдан жылына 10-12 мың доллар пайда тауып отыр. 7 мың жұмыс орны ашылған.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы екі жылдан бері "Асар" жобасы секілді жаңа форматтағы "Тұрғын үй және жұмыс" жобасын қолға алды. Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде 42-разъездің қасынан ауыл шаруашылығына арналған 196 гектар жер сатып алдық. Бұл жер телімдерін 1 282 отбасы иеленді. Олардың барлығы оңтүстік өңірлерден келіп, ЭКСПО-2017 құрылысына атсалысқан, енді солтүстікте тұрақтап қалғысы келген оралман отбасылар. Қазір олар қалада пәтер жалдап тұрады, көпшілігі уақытша жазғы сарайларда тұрақтауға мәжбүр. Оларға жайлы пәтерлер мен үйлерден тұратын шағынаудан құрылысын жоспарлап отырмыз. Бұл агроқалашықта 3 500 жұмыс орны ашылады: 300 гектар жерге жылыжай саламыз, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар және жылқы өсіретін орталықтарды құрамыз. Баға нарық бағасынан екі есе төмен болады. Бұл жылыжайларда өсірілген көкөністер сапалы әрі арзан болады. Сонымен қатар, жылқы өсіріп, бордақылаймыз. Жылқылар кезекпен далада жайылады. Мюнхендегі қазақтар сонда өткен кіші құрылтайда қазы мен қартаға зәру екенін айтып қалды. Қымыз бен ет жеткізсеңіздер, қандай баға болса да аламыз деп отыр. Бұл жоба кейін еліміздің 9 облыс орталығында құрылады.
Екінші жоба – "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы" мен "Отандастар қорының" бірлесуімен Павлодар облысында жүргізілуде және Моңғолиядан 300 адам көшіп үлгерді. Бұл жобаның ерекшелігі – қазақтарды көшіру ғана емес, жетіспей жатқан мамандарды алдыру және адамдарды жұмыспен қамту. Ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдері, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері сынды мамандарды қажет етіп отырған елді мекендерге бөліп орналастырамыз. Оларға мемлекет тарапынан 88 375 теңгеден бір жыл бойы үй жалдап тұруға ақша бөлінеді.
Үшінші жоба Түркістан облысының Келес ауданында болады. Бұл аудан Ташкентке тиіп тұр. Ташкенттегі 3 млн адамға ет-сүт өнімдері жетіспейді. Отанға көшкісі келетін қандастарымыз үшін 200 гектар жерге агроқалашық салуды жоспарлап отырмыз. Географиялық орналасуына байланысты өзбек кәсіпкерлермен бірлесіп, ет-сүт өндіру, мал жемдеу, жеміс-жидекті израильдік технологиямен өңдейтін кәсіпорын құру мүмкіндігі де бар. Кооператив құрылса, жергілікті шаруалар мал бордақылауға жем-шөп дайындап, сүт өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністерін өткізер еді. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарын ашады.
Жоба бойынша басында айтып өткенімдей, осындай жерлерге арнаулы білімі бар 35 жасқа дейінгі жастар шақыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Өзбекстаннан келген қандастарымызды Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Шардара, Қазығұрт аудандарында арнайы салынған агроқалашықтарда орналастыруға болады.
Осы орайда айта кетейін, жуырда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және "Отандастар қоры" Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Ташкенттегі қазақ мәдени орталығының қолдауымен осы елде тұратын іскер қандастарымыз үшін бизнес-форум өткізді. Жалпы, менің ойымша, екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластықты одан әрі нығайту үшін іскерлік байланыстарды күшейту керек.
– Тәуелсіздік жылдары елге келіп қосылған қазақтардың нақты саны қанша? Қазіргі көшіміз "көлікті" болып жатыр ма? Қай мемлекеттен этникалық қазақтар көбірек келеді?
– Соңғы 2019 жылдың дерегіне сәйкес, 10,7 мыңнан астам этникалық қазақтар елге оралды. Әсіресе, олардың 48,5% Өзбекстаннан, 36% – Қытайдан, 6,2% – Моңғолиядан, 5,4% – Түрікменстаннан, 1,1% – Ресейден және 0,5% – Ираннан көшіп келді. Олардың басым бөлігі Ақмола облысына (27%), Маңғыстау (14%), Жамбыл облысына (9%) және Нұр-Сұлтан (8,9%), Шымкент (8,5%) қалаларына қоныс тепті.
Ал жалпы әлемде 16 миллионнан астам қазақ бар. Соның үштен бірі, яғни шамамен бес миллионы сыртта жүр. Тағдырдың жазуымен әлемнің қырықтан астам еліне шашырап кеткенімен, олардың түп негізі, байланысы еш үзілген жоқ. Өйткені, көпшілігі шекаралас аумақтарда тұрады. Қытайдағы 1.8 миллион қазақ пен Моңғолиядағы 120 мың қандасымыздың өзара байланысы ажыраған жоқ. Өзбекстандағы бауырлар мен Ресейдің 12 бірдей аймағын еркін жайлап жатқан қазақтар туралы да осыны айтуға болады. Қай уақытта да барыс-келіс, алыс-беріс үнемі болды. Алтайдан көшіп, Гималай ауып Түркияға табан тіреп, кейіннен Еуропаның 30 еліне тараған қазақтар да түп негізінен ажырамады. Бұл байланыс еліміз өз Тәуелсіздігін алып, егеменді ел болған соң жақсарып сала берді. Елдің тізгінін алған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрды.
1992 жылдың 10 қаңтарында әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарға арнайы Үндеу жариялады. Ол Үндеу "Қайт қазақ, қара шаңырағыңа" деп аталды. Осыдан кейін Қазақстанға ұлы көш басталды. Бұл қазақтың жаппай рухани оянуына алып келді. Бас-аяғы 27 жылдың ішінде елімізге ұзын саны бір милион адам көшіп келді. Олардың саны осы уақыт аралығында өсіп-өніп екі милионды құрап отыр. Бұл – өте үлкен жетістік, үлкен күш.
- Әңгімеңізге рахмет!