"Бұл неткен аспап?". Димаштан сұқбат алған жапон тілшілері домбыра туралы сұрады
Димаш Құдайберген Жапонияның "NHK" ұлттық телеарнасына сұқбат берді. Тілшілер одан еліне деген махаббаты мен ұлттық аспап – домбыра жайында сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл сұқбаттың үзіндісін Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасына жүктеді.
- Сіз әлемнің қай түкпірінде болмасаңыз да үнемі өз еліңіз туралы айтып жүреді екенсіз. Отаныңызға деген махаббатыңыз туралы біз де біле отырсақ...
- Менің ойымша, әрбір елдің азаматы, ең алдымен, Жаратушының алдында, ата-анасының алдында, елінің алдында өл-өлгенше парыздар болып өтуге тиісті деп ойлаймын. Өзімнің Қазақ елінде, Қазақ жерінде туып-өскеніме ерекше мақтанамын, оған қуанамын. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесем де қазақтың ұлттық өнер мектебінен өткенімді, қазақтың суын ішіп, балын татып өскенімді ешқашан жадымнан шығармай, оны мақтан етіп жүремін, - деді бұл сұраққа жауабында Димаш.
- Біз Сіздің домбырада ойнаған музыкаңызды тыңдап, керемет әсерге бөлендік. Жалпы, домбыра деген қандай аспап?
- Домбыраның шығу тарихы туралы таң атқанға дейін тоқтамай айтуға болады. Ол қазақтың жаны, қазақтың рухы, ең алдымен. Ол аспаптан да үлкен дүние. Менің атам да, әжем де өнерден құр алақан емес. Ең алдымен, атам мен әкем мені домбыраға баулып үйретті. Сәтті түсіп жатса, Жапонияда концертімді өткізіп, сол кезде домбыраны құйқылжытып, құлақтың құрышын қандырып бір орындап берермін, - деді Димаш.
Айта кетсек, Димаш Құдайберген 19 қарашада Токиодадағы Тынық Азия мұхиты елдерінің кіл мықты әншілері қатысатын ABU TV Song Festival фестивалінде өнер көрсету үшін Жапонияға 16 қарашада барған еді. Жапония әуе-жайы Димашты қарсы алған кезде хабарды үш тілде таратты: жапонша, қазақша және қытайша.
Оқи отырыңыз: Димашты қарсы алған Жапония әуе-жайы қазақша сөйледі