Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина дүниеден озды
103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның халық артисі, "Парасат", "Құрмет белгісі", "Ұлы Отан соғысының ардагері" ордендерінің иегері Айша Абдулина өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров хабарлады.
Көрнекті сахна шебері А.Абдуллина 1916 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Айша апа, 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны аяқтайды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында шығармашылық еңбек жолын бастайды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Қ.Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетеді.
Декада қорытындысы бойынша И.В.Сталиннің қолынан "Еңбек Қызыл Ту" орденін алады. Қазақ театр өнерінің тарихында Айша апа тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдады. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып Ж.Шанин атындағы академиялық театрында 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті.
Орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнелерді сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішіндегі Айша Абдуллина апамыздың өнердегі бойтұмары - Еңлік, Қыз Жібек, Дездемона бейнелері еді.