Жаңалықтар тізбегі
0

"Кеңес өкіметі Абылайдың ақ туын жойып жіберді" – тарихшы

Қыздар университеті, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.06.2020 19:34 Қыздар университеті
Әуезхан Шашаев рәміздерді қабылдау барысындағы оқиғаларға шолу жасады.

"Рәміздерсіз мемлекет болмайды. Қазақ тарихында әртүрлі рәміздер болды. Мысалы Абылайдың ақ туы деген сияқты. Бірақ бір өкініштісі кеңес дәуірінде олардың ешқайсысын сақтауға мүмкіндіктер жасалмады. Коммунистік идеология оның бәрін ескінің сарқыншағы деп қарастырып тарихи жәдігерлерді жоюға тырысты. Бүгінгі музейлерден солардың бірде бірінің табылмауы осының айғағы".

Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған басқосуда айтты.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенер болсақ, Zoom платформасында ұйымдастырылған онлайн шарада Қазақ елінің егемендігін айқындайтын атаулы датаның маңызы мен мәні басты әңгіме өзегіне айналды.

Жиынды Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова ашып, шара қатысушыларын атаулы күнмен құттықтады.

– Болашағы баянды, келешегі кемел еліміздің басты белгісі, ол – мемлекеттік рәміздеріміз. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Оларды ресми тұрғыда қабылдау ісіне қазақстандықтар айрықша көңіл бөлген. Бұл өз кезегінде еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін айқын аңғартса керек, – деді өз сөзінде Жаңагүл Сұлтанова.

Басқосуда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмәділ, Nur Otan партиясы Алматы қаласы Алмалы аудандық филиалы төрағасының кеңесшісі Салтанат Ахметжанова, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының подполковнигі Архат Тәттімбетов және тағы басқалар атаулы күннің ерекшелігі, рәміздердің өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастырудағы рөлін әңгімеледі.

Атап айтқанда, Әуезхан Шашаев рәміздерді қабылдау барысындағы оқиғаларға шолу жасады.

– Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміз­дер­ді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемле­кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізде­ніс­пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды, – деп атап өтті Әуезхан Шашаев.

Тарихшының мәліметінше, рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның азаттығын айшықтайтын нышандар осыдан 28 жыл бұрын бекітілген болатын. Содан бері аталған датаны барша отандастарымыз айтулы мереке ретінде атап өтіп келеді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: