Ақан Сатаев: "Қазақфильмді әдейі өртеді!"
"Қазақфильмді" әдейі өртеген! Бір ғасырлық тарихы бар киностудияның су жаңа басшысы Ақан Сатаев көпке осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Өйткені отқа оранған екі ошақтың арасы 400 метр екен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Дегенмен үлкен аумақты шарпыған өрт тарихи кино түсіруге арналған құнды декорацияларды әп-сәтте күл-қоқысқа айналдырыпты.
Тарихи киноларлардың бірі әрі бірегейі "Қазақ хандығы" фильмі актерлердің шеберлігімен, шығармашылық топтың жұмысы өз алдына, көпті көздің жауын алар декорацияларымен тәнті етіп еді. 15-ші ғасырдағы батырлар киімінің тігісіне дейін айнытпай келтірген отандық дизайнерлердің еңбегіне шетелдік кинематографтар да оң бағасын беріп, "Қазақфильмнің" реквизитіне қызығушылығын білдірген еді.
Өртенген сол "Қазақ хандығы" фильмінің декорациялары сақталып тұрған қойма еді. Өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына 7 минутта жетсе де, қызыл жалынды тек 2 сағаттан соң ғана ауыздықтай алған. Абырой болғанда, 600 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген тілсіз жаудан жан баласы зардап шекпеді. Алайда құнды реквизиттер әп-сәтте күлге айналыпты.
Өрт әуелі қойма жақтан басталыпты. Бірақ, 15 минуттан соң куәгерлер 400 метр жерде шарпыған қызыл жалынның екінші ошағын байқайды.
Оттың мүлдем екі бөлек жерде тұтануы санаға күдік ұялататыны рас. Ал, "Қазақфильм" киностудиясының су жаңа басшысы Ақан Сатаев "тарихи нысанды әлдекімдер әдейі өртеген" деген болжамның барын да жасырмайды.
Ақан Сатаев, "Қазақфильм" АҚ президенті, режиссер:
"Мұны әдейін өртегені анық. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Сонша зор шығын да келген жоқ, жұмысымызды жалғастырамыз. Ал қылмыскерлерді табамыз деп үміттенеміз".
Қазір жергілікті полиция департаменті мен төтеншеліктер киностудияда болған өртке қатысты тексеріс басталыпты. Жұмыс барысын қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі бақылайды. Сондай-ақ қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтаған мамандарға Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова ерекше алғысын білдірді. Өйткені отандық киноиндустрияда аталған тарихи нысанның алар орны ерекше.
Қазақтан шыққан тұңғыш "Амангелді" киносының тұсауы осы "Қазақфильм" студиясында кесілген. Одан бөлек, көптің жүрегіне жол тапқан "Алдар Көсе", "Атаманның ақыры" да. "Қыз Жібек пен Төлегеннің" махаббат хикаясын да Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильмнің" арқасында тамашаладық.
Хош! Студияны әлдекімдер әдейі өртеді ме, әлде бір ғасырлық тарихы бар нысанның отқа орануына басқа да фактор әсер етті ме, оны тек бір айдан соң дайын болатын сараптама нәтижесінен ғана біле жатырмыз.