Жаңалықтар тізбегі
0

"Дос-Мұқасан" тобы туралы көркем фильм түсірілмек

Aray Media Group, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.09.2020 20:22 Aray Media Group
Карантин кезінде Қамит Санбаев дүниеден озды, топ атауындағы "ҚА" деген үшінші буын сол кісінің есімі болатын.

Aray Media Group компаниясы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен "Дос-Мұқасан" жобасымен жұмысын бастайды. Картинаның режиссері Айдын Сахаман фильмнің қандай болатыны, экранда қазақстандық эстрада жұлдыздарының жарқын шығармашылық өмірін қалай бейнелейтіні және сценарий нақты оқиғаларға негізделетіні жайлы айтты.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.09.2020 20:22

– Айдын, "бұл фильмнің басты мақсаты қандай?" деген сұраққа қалай жауап бересіз?

– Мақсаты – достық туралы оқиғаны баяндау. Сіз білесіз бе, бастапқыда бұл ұжым музыкалық топ ретінде құрылмаған екен. Бір топ жігіт жай ғана жиналып, аспаптарда ойнап, музыкамен әуестенген достар болған екен. Олар кәсіби музыкант боламыз деп ойламаса керек, тағдыр айдап, бір арнаға тоғыстырыпты. Сонымен бірге, бұл фильмде бұл достықтың қалай туындағаны, кейіннен, өкінішке қарай, қимас достардың жігі қалай ажырап қалғаны туралы әңгімеленеді. Үлкен шығармашылық ұжымдарда келіспеушіліктер болып тұратыны ешкімге құпия емес. Біз кейіпкерлеріміздің достығына не арқау болғанын, топ ішіндегі келіспеушіліктер неден туындағанын және олардың бүгінгі күні не ойлайтынын көрсеткіміз келеді. Жалпы алғанда, біз жас студенттердің жай ғана шығармашылық әуестігінің келе-келе аты аңызға айналған үлкен шығармашылық топқа айналуы тарихын баяндағымыз келіп отыр.

– Неліктен бұл фильмді көркем жанрда түсіруді ұйғардыңыз? Әдетте мұндай оқиғалардың деректі фильм жанрында түсіріледі емес пе?

– Оны түсіндіру оңай, оның себебі – мен деректі фильм жанрының маманы емеспін (күледі). Шын мәнінде, біз басқа елдердің тәжірибесін және танымал фильмдерді негізге алдық. Мысалы, "Богемская рапсодия" фильмі де деректі фильм емес, демек, бұл дегеніміз – хронологиялық ретпен орын алған белгілі бір оқиғаларды шығармашылық ойлау тұрғысынан сараптай отырып бірізділікпен баяндап, олардың қалай өрбігенін үйлесімді түрде көрсетуге болады деген сөз.

– Бұл шынайы өмірбаяндық фильм бола ма, әлде режиссер аз-кем қиялдап, өмірде болған оқиғалар мен құбылыстарды сәл-пәл өзгертіп көрсете ала ма?

– Дәл қазір бұл сұраққа сенімді түрде жауап бере алмаймын. Негізі, біз бұл фильмді өмірде болған оқиғалар желісімен түсіруді мақсат еттік. Белгілі бір шығарманың сарыны бойынша емес, нақты орын алған оқиғалар желісімен. Сонымен қатар бұл жерде фильм шығарудың өзіндік ерекшеліктері, драматургияның егжей-тегжейлі мәселелері де бар, ал шынайы өмір, бәлкім, көрерменнің ойынан шығатындай драмалы болмаған шығар. Сондықтан, әрине, боямасыз болады деп ойламаймын.

– Сценарийді жазған кезде сіз не нәрсеге негізделдіңіз? Мұрағаттық жазбалар, естеліктер, тағы не бар?

– Сөзім әсірелеу болып көрінсе де, айтайын, біз бұл мәселеге барынша орнықты қарадық. Продюсерімізбен бірге осы топ жайлы бұрын жазылған кітаптарды негізге алдық. Олардың бірінің авторы – ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Досым Сүлеевтің жан жары. Айта кетер жайт, "Дос-Мұқасан" тобының алғашқы шлягерлерлерінің авторы Досымның өзі біздің кеңесшіміз болып, өте қатты әсірелеп, болмағанды болған деп қоймауымызды қадағалап отырды. Біздің екінші кеңесшіміз, маңыздылығы кем түспейтін адам – Мұрат Құсайынов – топтың қазіргі көркемдік жетекшісі, онымен де кездесіп, әңгімелестік. Сүлеев те, Құсайынов та бізге ұжымның тарихын айтып берді, және олардың баяндаған әңгімелері бір-бірінен аса алшақ болмады. Сондай-ақ "Дос-Мұқасан" композицияларының авторларын да сөзге тарттық, олар әндердің шығу тарихын әңгімелеп берді, өйткені халық арасында бұл тақырыпта ойдан шығарылған түрлі әңгімелер аз емес. Содан кейін барып осы оқиғаларды фильмнің құрылымына драматургия тұрғысынан алғанда кәсіби шеберлікпен үйлестіріп, қалау сценарийшінің жұмысы болды.

– Сіздер кезінде "Дос-Мұқасан" тобының үлкен сахна жинап, дүйім жұртқа берген шынайы концерттерін, мұрағаттық жазбаларын қолдана алатын шығарсыздар?

– Өкінішке қарай, мұрағатта "Дос-Мұқасан" концерттерінің бейнежазбалары өте аз екен. Көптеген бейнебаяндар, деректі музыкалық фильмдер бар, бірақ, өкінішке орай, концерттері жоқ болып шықты.

– Топ мүшелеріне фильмді премьераға дейін көрсетесіз бе? Автобиографиялық фильмдер экранға шыққаннан кейін басты кейіпкерлері мен олардың туған-туыстары тарапынан қандай-да бір реніш білдіріліп жататынын білесіздер, мысалы "Высоцкий. Спасибо, что живой" немесе "Движение вверх" фильмдерінің тарихы дәл осындай болған. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін не істейсіздер?

– Дипломатша, бір ретін табармыз да (күледі). Басты кейіпкерлердің өздері де, олардың барлық жақын туыстары да фильмді жақсы қабылдайды деп сенеміз. Біз олармен кеңесіп жұмыс істеп жатырмыз, ешкімді жағымсыз кейіпкер етіп көрсетпейміз. Кітаптарда бәрі жазылған – кімнің және неге кетіп қалғаны, кімнің келгені, бұл құпия ақпарат емес. Ал енді бір өкініштісі – топтың кейбір мүшелерінің осы күнге жете алмағаны, біздің олармен кездесіп, әңгімелесуге үлгермегеніміз. Осы жуырда, карантин кезінде Қамит Санбаев дүниеден озды, топ атауындағы "КА" деген үшінші буын сол кісінің есімі болатын. Біз ол кісімен жүздесуді аңсап, сол арманымызға жете алмадық, енді туыс-жақындарымен сөйлесуді жоспарлап отырмыз. Ол кісі туралы толығырақ білсек дейміз.

– Айдын, бүгінгі күні фильмді шығарудың қай кезеңінде тұрғаныңызды түсініп көрейікші.

– Бұл жай ғана ойын фильмі емес, музыкалық фильм болғандықтан, сценарий әлі де пысықталуда. Мұнда музыкалық ерекшелік баршылық, атап айтсақ, ауысатын жерлері де көп, қай композиция қай жерде тұруы тиіс, ол драматургия тұрғысынан жақсы құрылды ма және т.б. мәселелерге көңіл бөлуіміз қажет. Біз қазір көп нәрсеге талдау жасап, дұрыс шешім табуға тырысып жатырмыз. Өндіріс жағына келер болсақ, карантин шектеуінен бірінші рет бас тартылған кезде біз продюсермен бірге Өскемен, Қарағанды, Теміртау қалаларына түсірілім жасау орындарын іздеуге бардық. Біздің фильмнің оқиғасы 60-70 жылдары орын алған, ал Алматыда жаңа ғимараттар өте көп болғандықтан, біз сол жылдардағыдай көріністерді өзге өңірлерден іздеп жүрміз.

– Актерлер құрамының жағдайы қалай болып жатыр, кастинг өткіздіңіздер ме?

– Жуық арада ашық кастинг жариялауды жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай, барлық мәселелердің егжей-тегжейін ашып айта алмаймын, себебі продюсермен ішкі келісіміміз бар. Бірақ біз ашық кастинг жасауды жоспарлап отырмыз және біз үшін бұл өте күрделі мәселе. Біз кейіпкерлермен, олардың жас ерекшеліктерімен портреттік ұқсастық табуға тиіспіз, бірнеше уақыт кезеңін қамтып көрсетуіміз керек. Ең бастысы – біздің актерлеріміз музыкант болуы қажет, олар аспаптарда ойнай білуі керек. Біз топтың әр мүшесінің бойындағы дарынын толық көрсетуге талпынып отырмыз, ол үшін, әрине, фильмде ойнайтын актерлер аспапта ойнай білуі керек. Егер актер портреттік тұрғыдан сәйкес келетін болса, біз оған белгілі бір аспапта ойнауды арнайы үйрететін боламыз.

- Сізге сәттілік тілейміз, әңгімеңізге рахмет!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: