Әбжан Құрышжанұлы деген түрколог болған
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының 90 жылдығына орай "Түркологиялық кеңістіктегі гуманитарлық ғылымдар: тарихи сабақтастық пен өзара ықпалдастық" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Алқалы басқосу Халықаралық Түркі академиясы, Қыздар университеті және С.Бәйішев университетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Конференция жұмысына ғалымдар, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ Әбжан Құрышжанұлының туыстары қатысты.
Бейнеконференция форматында өткен жиында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, Академияның Әбжан Құрышжанұлының мұраларына қатысты атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Сондай-ақ ол TWESKO шығарған ғалым еңбектерін таныстырды. Атап айтқанда, түркология саласына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті түрколог Әбжан Құрышжанұлынының "Codex Cumanicus тіліндегі септік жалғауларының мәні мен түрі" атты бағалы еңбегі көпшілікке жол тартып отыр.
Ғалымның аталған ғылыми еңбегін белгілі зерттеуші, Ә.Құрышжанұлының дарынды шәкірті марқұм Сержан Дүйсенов Түркі академиясының арнайы жобасы аясында баспаға дайындаған.
Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі әйгілі Йүсүп Ұлық Хас-хажиб Баласағұнның "Құтадғу Білік" атты тарихи туындысының Әбжан Құрышжанұлы аударған Наманған нұсқасының жаңа басылымын да көпшілік назарына ұсынды.
– Биыл туғанына 90 жылдығы аталып өтіп жатқан Әбжан Құрышжанұлы ғылыми дәлдікпен аударып, түсініктерін жазып бұл тарихи туынды бүгінгі таңда түркологтар арасында қолдан түспейтін жолбасшы құралға айналған, – деп атап өтті Академия басшысы.
Ал Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова танымал түркологтың ғылымдағы өзіндік қолтаңбасы туралы сөз қозғады.
– Әбжан Құрышжанұлы – орта ғасырдағы жазба ескерткіштерін түпнұсқада оқыған, оны оқырман қауыммен таныстырған, бүгінгі қазақ, орыс тілдеріне аударған әрі тарихшы, әрі лингвист, әрі тәржімашы және ғылыми мектебі бар ғалым-ұстаз. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалым-ұстаз орта ғасыр ескерткіштерін, соның ішінде "Кодекс Куманикустан" бастап, бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылым тезіне салып, зерттеді. Маңызды зерттеулерінің арқасында әлем түркітанушылары арасында қыпшақ жазба ескерткіштері бойынша ең білгір мамандар санатына енді. Ғалым еңбектеріне Англия, Түркия, Чехия, Венгрия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан ғалымдары оң баға беріп, еңбектері АҚШ, Англия, Еуропа мемлекеттері кітапханаларынан орын алды. Бұл – қазақ ғалымының еңбегінің қаншалықты маңызды болғанын айқындайтын айшықты дәлел, – деді Гаухар Алдамбергенова.
Бірнеше жылдан бері Қыздар университетінің ұйытқы болуымен "Құрышжанов оқулары" өтіп келеді. Дәстүрлі жиынның басты мақсаты – ғалым мұраларын өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу, оның зерттеу еңбектерін ұлт жадында жаңғырту. Сонымен қатар оқу орнында өзі қызмет етіп, дәріс оқыған аудиториялардың бірі "Профессор Әбжан Құрышжанұлы атындағы Тіл тарихы және түркология дәрісханасы" ретінде жабдықталды.
Конференция барысында сондай-ақ С. Бәйішев университетінің президенті Бекежан Аханұлы, Түрік тіл қоғамы төрағасының орынбасары, профессор Фейзи Эрсой, ҚР ҰҒА академигі, қыпшақтанушы Болат Көмеков, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоглу, танымал түрколог, профессор Кадыралы Конкобаев, Мажарстан Ғылым академиясы Этнология институтының ғылыми қызметкері Давид Шомфай Кара, Кореяның Хангкук университетінің профессорлары Әлия Құрышжанова мен Әзиза Машраббекова да сөз сөйлеп, ғалымның ғылыми мұрасы төңірегінде кеңінен сөз қозғады.
Жиын жұмысы "Түркітанудың жалпы мәселелері", "Профессор Ә. Құрышжанұлы және түркі дүниесі: тіл, тарих, руханият", "Профессор Ә. Құрышжанұлы және қыпшақтану ілімі", "Руна жазулары және түркі тілдері мен әдебиеті тарихы", "Түркі терминологиясының мәселелері", "Түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысы", "Түркі тілдері мен әдебиетін оқыту ісіндегі ортақ мәселелер", "Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту" бағыттары бойынша жүргізілді.
Конференция барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар түркітануға қатысты ғылымның даму мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасып, пайымды ойларын ортаға салды.
– Әбжан Құрышжанұлы – ұстаздықпен қатар, қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi һәм бірегейі. Оның зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналып, аталған ғылым саласының көкжиегінің кеңеюіне зор ықпал етті. Ғалым есімі белгілі түрколог, орта түркі және қыпшақ тілдерінің білгір маманы ретінде бүкіл түркі халықтарына кеңінен мәлім, – дейді Қыздар университетінің Филология институтының директоры Тыныштық Ермекова.
Конференция қорытындысында университеттер мен ғылыми зерттеу ұйымдары арасында басталған осы ынтымақтастықтың жалғасы ретінде түркітану іліміне бағытталған бірлескен ғылыми жобалар ұйымдастыруды қолға алу, ғалым еңбектерін "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында түркі әлеміне кеңінен насихаттау, ғалым еңбектерін университет, академияның кітапхана қорлардағы кітаптарының электронды нұсқаларын жасап, "Тіл әлемі" т.б. сайттарға орналастыру жөнінде қарар қабылданды.