Текеліде тұрады. 11 жастағы орыс қызы қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп жүр
Алматы облысының 11 жастағы тұрғыны халық әндерін шырқап, көптің алғысын алып жүр. Текелі қаласында тұратын Яна Адамова халық әндерін орындап қана қоймай, қазақтың күйін де күмбірлете шертеді екен. Қаршадай қыз талантымен талай жарыстарда топ жарған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Мариям Жагорқызының "Дудар-ай" әнін шырқап отырған қаршадай ғана орыс қызы Яна Адамова. Бар болғаны 11 жаста. Қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын ол, талайды талантымен тамсандырып жүр. Домбыраның қоңыр үнін алғаш рет балабақшада естіп, содан оған қатты қызығыпты. Қос ішекті аспапқа аңсары әбден ауған Яна, көп ұзамай арнайы үйірмеге де жазылған. Ұлттық өнерге деген қызығушылығы осылай оянған екен.
Янаның қазақтың ән өнеріне деген құштарлығын алғаш байқағандардың бірі – еліміздің еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мүкаманов. Бала бойындағы дарынды бірден сезген кәсіби маман, қаршадай қызды өзіне шәкірт қылып алды. Қазір бар білгенін үйретіп, ұлттық өнердің қыр-сырына қанықтыруда.
Мырзахмет Мүкаманов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Янаның бойында қасиеті, ән үйренем деген қасиеті маған ұнады. Ән салғым келеді. Өзі орыс қызы бола тұра қазақ әндерінен домбырамен айтуға құштар болды. Қазір бір ән түсіндірсең қағып алады. Келесі аптада өзіңе айтып тұрады.
Жас өнерпаздың бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. "Ғұмырдария", "Жетісу жұлдыздары", "Бала әлемі" деген байқауларға қатысып, топ жарған. Яна ендігі болашағын осы дәстүрлі ән өнерімен байланыстырғысы келеді. Сондықтан, қазір қазақ сыныбына ауысып, мемлекеттік тілде білім алуда.
Яна Адамова, жас өнерпаз:
Қазақ әндерін айту үшін қазақ сыныбына түстім. Алғашында қиын болды. Қазір бәрі жақсы. Енді 9-сыныптан кейін музыкалық колледжге түсемін.
Инесса Паниш, Янаның анасы:
Мен қызымды мақтан тұтамын. Домбырамен ән айтуға оны ешкім күштеп үгіттеген де жоқ. Өзі қызықты. Ынтасы осыған ауды. Мен құптаймын. Сондықтан, қазір қызымның костюмері де, қолдаушысы да болып жүрмін.
Яна бойындағы дарынын одан әрі шыңдағысы келеді. Оны отбасындағылар да қолдап отыр. Сондықтан, олар алдағы уақытта Текеліден облыс орталығы Талдықорғанға қоныс аудармақ ниетте.