Мәскеуде тұрып жатқан отандық әнші Қазақстан билігінің атақ бермегеніне өкпелі
Бүгіндері Мәскеуде тұрып жатқан қазақстандық әнші Анатолий Цой Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алғысы келетінін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
"Мен мемлекет қарамағында 20 жыл жұмыс істедім. Талдықорған қаласында дүниеге келдім және бала кезімнен жақын достарымен бірге Мәдениет сарайында жұмыс істедім. Біз барлық мемлекеттік іс-шараларда ән салатынбыз. Мен бұған лайықтымын деп санаймын, көп жұмыс атқардым, миллиондаған қайырымдылық концерттерін өткіздім. Менің ойымша, бұл - әділетсіздік. Олар маған еңбек сіңірген қайраткер атағын беруі тиіс. Ол үшін Президентке хат жазу керек болса, жазайын, өйткені мен шынымен де талмай еңбек еттім. Бірақ ол кезде бәріне жас көріндім. Олар маған: "Әлі қайда саған, жас емессің бе, сенде әлі талай уақыт бар. Небәрі 24 жастасың, соның өзінде Еңбек сіңірген қайраткер атағынан дәмелісің" деген. Төлқұжатымды ресейлікке ауыстыруыма болар еді, өйткені бұл елге тұруға ықтиярхатты алғанда, азаматтықты оңай ала аласыз. Бірақ бұл маған қажет емес. Ең бірінші кезекте, мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғым келеді, бұл менің бала кезден бергі арманым", - деді Анатолий "Без фильтров" бағдарламасына берген сұқбатында.
Анатолий Цойдың Мәскеуде тұрып жатқанына алты жыл болған. 2014 жылы ол "Я хочу к Меладзе" шоуының жеңімпазы атанды, содан кейін MBand тобына қосылды. Өкінішке орай, бір жыл бұрын бұл топ ыдырап, ондағылардың әрқайсысы өз жолымен кетті.
Анатолийге келетін болсақ, ол Константин Меладзенің продюсерлік орталығында жеке орындаушы ретінде тіркелген. Жақында ол "Маска" шоуының жеңімпазы атанды, әйгілі "Позови меня с собой" әнін жаңа композицияда орындады. Алла Пугачева хитінің жаңа нұсқасы бірден танымал болып, ресейлік чарттардың көшіне шықты. YouTube-тегі бұл ән 3,7 миллионнан астам рет қаралған.