Қаралы қауым Ескендір Хасанғалиевті "Атамекен" әнімен ақтық сапарға шығарып салды
81 жасында дүние салған Халық әртісі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Қоштасу рәсімі композитордың өз шаңырағында өтті. Қаралы жиынға жиналғандар, өнер иесін ақтық сапарға "Атамекен" әнімен шығарып салды, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап..
Ескендір Өтегенұлы – лирикалық баритон, композитор, музыкант, Қазақ КСР-ның Халық әртісі және Қазақстанның мемлекеттің сыйлығының иегері. Оның "Атамекен", "Анаға сәлем" "Әдемі-ау", "Асыл арман" секілді әндері кез-келген адам жатқа білетін туындыға айналды, жүректің төрінен орын алды. Енді осы, денені шымырлатып, тебірентер әндері-көңілге жұбаныш. Біртуар тұлға, қазақ өнерінің мэтрі, ардақты азамат Ескендір Хасанғалиев әр қазақтың жүрегінде естелік боп қалды.
Мейрамбек БЕСПАЕВ, "МУЗАРТ" ТОБЫНЫҢ ӘНШІСІ:
Қамқор ағамыз еді, аяулы ағамыз еді. Алдынан жарылқасын, бүкіл Қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламатты болсын, енді қазақ бар кезде ол кісінің аты өлмейтіні хақ.
Елбасы мен Президент отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Хатты Мәдениет және спорт министрі марқұмның ұлы Біржанға табыстады.
Біржан ХАСАНҒАЛИЕВ, Е.ХАСАНҒАЛИЕВТІҢ ҰЛЫ:
Халықтың жүрегінде қалады оның шығармашылығы, өнері. Мен барша келген ағайындарға, бүкіл дәрігерлерге, жолдастарыма үлкен рахметімді айтамын. 03/16 Мәңгі папам менің жүрегімде қалады, сондықтан үлкен рахмет.
Ескендір Хасанғалиев қарапайым адам, жақсы отағасы, мейірбан әке ретінде де көпшілікке үлгі бола білді. Ескірмейтін махаббаттың иесін енді жұрт аңыз ғып айтатын болады.
Бұған дейін марқұмның ұлы әншінің індет жұқтырып, ауруханада ауыр халде жатқанын хабарлаған еді. Қауіпті кесел қазақ өнерін тағы бір тарланынан айырды.