Нұр-Сұлтанда Жұмабек Ташеновтың ескерткіші ашылды
20 тамызда елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әскери-тарихи музей жанындағы алаңда мемлекет қайраткері Жұмабек Ташеновқа арналып ескерткіш ашылды, деп хабарлайды zakon.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Ташеневке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді міне кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Дәл сондай-ақ ескерткіштің тұрған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалды. Бүгінгі елорда отанымыздың тек саяси ғана емес мәдени және рухани ордасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда еліміздің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар ары қарай да жалғаса береді, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Өз кезегінде сөз алған мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен асыл азаматтарымыз аз болмағанын, солардың арасында Жұмабек Ташеневтің шоқтығы биік екенін айрықша атап өтті. Сол сияқты халқымыздың арда тұлғасына арналған ескерткіш қаламыздың көрікті орындарының бірінен ашылып отырғанын айта келе ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жатқан қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Бүгінгі мемлекеттік тұлғаға ашылып отырған ескерткіш Тәуелсіздіктің жарқын жемісі. Тарихи тұлғамыздың мүсіні елордамыздың төріне орнатылып отыр. Қуанышымыз құтты болсын! Жұмабек Ташенев өз елінің перзенті ретінде ел алдындағы парызын өтеген тұлға деп есептейміз, — деді мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.
Ал ұрпақтарынан ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы сөз сөйлеп, Елбасына, Мемлекет басшысына алғысын білдірді.
Жұрт менен әкеңнің атын неліктен насихаттамайсың, елге сіңірген еңбегін не үшін айтпайсың деп сұрап жатады. Ал менің ойымша елге сыйлы азаматтың еңбегін халқы өзі бағалауы тиіс. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш халықтың әкеме деген сый-құрметі деп білемін, - деді Саян Жұмабекұлы.
Жұмабек Ташенев ескерткішінің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылды, ескерткіштің жалпы биіктігі - 8,2 метр.
Бүгінде Нұр-Сұлтанда қала тұрғындары үшін тартымды орындарға айналатын жаңа қоғамдық кеңістікті жайластыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биыл елордада мәдениет пен жалпы елдің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ескерткіш топтамасы ашылды. Бұған дейін қалада алашордашыларға, Дина Нұрпейісова, Талғат Бигелдинов, Қаныш Сәтпаев сынды тұлғаларға ескерткіштер қойылған болатын. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда күн сайын адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастарға рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында жүргізіледі.
Айта кету керек, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ескерткіштің ашылуы маска режимі, әлеуметтік қашықтық секілді санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.