Болат Қалымбетовтың "Мұқағали" фильмі прокатқа шығады
Нұр-Сұлтан қаласында белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың "Мұқағали" фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған кинотуынды қазанның 21-нде ұлттық прокатқа шығады, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған кинотуынды аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
Салтанатты тұсаукесерге ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының президенті Ақан Сатаев, фильмнің режиссері Болат Қалымбетов, картинаның тең сценарий авторы Жүсіпбек Қорғасбек, басты рөлді сомдаған актер Асланбек Жанбалаев, қоюшы суретші Ермек Өтегенов, сондай-ақ еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары қатысты.
Фильмнің түсіру тобы мен астаналықтарды тұсаукесермен құттықтаған "Қазақфильмнің" президенті Ақан Сатаев, бұл көрсетілім пандемия басталғалы Нұр-Сұлтанда өткізіліп жатқан киностудияның алғашқы мәдени іс-шаралардың бірі екенін айтты.
- Мұқағали – біздің ұлттық мақтанышымыз. Ол - қазақ поэзиясына шексіз кеңістік пен бұрын-соңды болмаған биіктерді әкелген ақын. Тағдыр оны өмірдің тұңғиығына тастап, әбден сынады. Бірақ ол барлық сынақтарды табандылықпен жеңіп, тізе бүкпестен қабылдады. Әрине, мен де оның шығармашылығымен бала кезімнен таныспын. Оның шығармалары маған өмірде бірнеше рет көмектесті, бағыт берді, үміт сыйлады. Мұқағали Мақатаев туралы фильм түсіру идеясы 15 жылдан астам уақыт бойы көкейімде жүрді. Осы уақыт ішінде мен ол туралы ақпарат жинап, ақынның көзін көрген жандармен кездестім, - деді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.
Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазды.
Кинотуындының сюжеті өткен ғасырдың 50-70-ші жылдарды қамтиды. Сондықтан, қоюшы суретші Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі орасан. Олар өткен заманның бейнесін бөлшектеп жинап, сол кездегі тұрмыспен инфрақұрылымды дәл көрсеткен.
"Мұқағали" фильмінің түсірілімі 2019 жылдың жаз айында басталды. Режиссер Болат Қалымбетовтың айтуынша, ескі Алматыға ұқсас қаланы табу үшін, түсірілім тобы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған. Нәтижесінде шығармашылқ топ ескі көшелері мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласын таңдады. Сонымен қатар Өскеменде фильмге қажетті ең маңызды детальдарының бірі - трамвай қозғалысы қалпына келтірілді.
Айта кетсек, негізгі түсірілімдер Өскеменде, Алматыда, Санкт-Петерборг қаласында, сондай-ақ Алматы облысында өтті. Фильмнің қоюшы-операторы Едіге Нүсіпбеков болды.
Көптеген үміткерлер арасында басты рөлге Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының артисі Асланбек Жанбалаев бекітілді. Жас актерді Болат Қалымбетов 2017 жылы Атырау қаласында өзінің бұрынғы "Талан" фильмінің көрсетілімі кезінде байқап, кейін оны кастингке шақырған.
Басқа кейіпкерлердің образдарын актерлер: Бақытжан Қажымұқанов (Нұрғиса Тілендиев рөлінде), Бауыржан Қаптағай (Бауыржан Момышұлы), Раушан Мәжитова (Фариза Оңғарсынова), Толғанай Бейсембаева (Лашын Әлімжанова) сомдады.