Қазақилықтан жұрдай қылған желі
Уақыт — ақша. Бүгінгі қазақстандықтар осы ұстанымды мықтап ұстанып, ақша табудың жолына әбден түскендіктен, бала тәрбиесі, ұлттық болмыс дегенді назардан тысқары қалдырғалы қашан? Қолжетімді интернет ата-ана мен баланың күніне бір уақыт кең-молынан отырып сөйлесу мүмкіндігінен де айырған жайы бар, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бастысы, смартфонның арғы жағындағылар баланың да, үлкеннің де "тәрбиесін" мықтап қолға алған. Бүгіндері үлкендер жағы трендшіл болып алса, балалар басқа тілде сайрайтын ютубтың, түрлі бейнойындар мен анименің "жанкүйері". Жаһандану дәуіріндегі әр елдің мәйекті мәселесі — өз тілін, тіл арқылы ұлтын, ұлттық болмысын сақтап қалу. Міне, осы жағынан біздің азаматтар да көп нәрсені жоғалтып, жаһандық аждаһаның тырнағына ілігуде, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасының жаңалықтары.
Маршаловтар отбасының кенжесі Ақназар төрт жаста. Қаладағы қазақша балабақшалардың біріне барады. Отбасының үлкендері үйде тек қазақ тілінде сөйлейді. Алайда бүлдіршінің тілі, әу дегеннен- ақ орысша шығыпты.
ҚҰНДЫЗ МАРШАЛОВА, АҚНАЗАРДЫҢ ӘПКЕСІ:
"Ұйықтар алдында біз оған қазақша кітаптар оқимыз. Ойы ұшқыр болсын деп. Бірақ сөйлегісі келмейді. Өзінше шүлдірлеп орысша сөйлейді. Мұның бәрі ютубтың әсері деп ойлаймыз".Ақназардың әпкесінің бар бәле ұялы телефонда деуінде гәп бар. Ұлы туғаннан әлеуметтік желіден шет тілде мультфильмдер көріп өскен екен. Балаға түсінікті дүние, өзімен жасты қуыршақ кейіпкерлер, қызылды-жасылды әсерлі түстер. Шет тілінде демесеңіз, контент – керемет!
СЕРІКГҮЛ СӘЛИ, ПСИХОЛОГ:
"Әке-шешесі күніне баламен 5 минут қана сөйлеседі. Ал бала көп уақытын ютубпен өткізеді. Орысша сөйлеумен өткізеді. Ата-анасының жарты сағат баламен сөйлесуі өте пайыздық деңгейде ұтылып тұр. Сондықтан бала орысша жауап береді".Бүлдіршіндердің қай тілде сөйлей бастауы оның өсіп келе жатқан ортасына мүлде байланысты болмай қалды. Өйткені қазір балалар әлемі де онлайнға бет бұрған. Теріс үрдіс қарасы қалың оңтүстікте де, тіпті шет елден келген қандастармыздың арасында да жиі кездесетін болыпты. Қоғам белсендісі Бақытбол Берінбай шүлдірлеген қазақ баласының кесірі ертең біздің елдігімізге де, менталитетімізге де оңбай тиетініне сенімді. Ана тілінде сөйлемеген балада ұлттық намыс болмайды, – дейді ол
БАҚЫТБОЛ БЕРІНБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
"Мен бір семьяда ала-құла оқығанды көзім көрді. Бір баласын орысша берген, бір баласын қазақша оқытқан. Ана жігіт есейгенде мен ақкөңіл, мейірімді болып шықтым деп айтады".Ұят та болса айтайық, қарттар үйін паналаған кейуаналардың денінің балалары қазақша оқымаған. Қатыгез статистика - ащы шындық. Ендеше, бүгін баламызға телефон ұстатып, шүлдірлетіп, ертең өзіміз қарттар үйін жағалап жүрмесек игі еді.