Халық артисі Роза Әшірбекова дүниеден өтті
Қаралы хабарды театр ұжымы жеткізді.
Қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға ұшырады. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, қазақ сахна өнерінің саңлағы, ҚР Халық артисі РОЗА ӘШІРБЕКОВА 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы марқұмның жанұясына, жақындары мен күллі қазақ еліне қайғыра отырып көңіл айтады. Сіздің жарқын бейнеңіз көп көңілінде ұзаққа сақталары анық, – делінген М.Әуезов атындағы академиялық драма театры.
Роза Әшірбекова бүкіл ғұмырын театр өнеріне арнаған. Өнер иесінің 60 жылдан аса шығармашылық жолы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Актрисаның алғашқы рольдерінің бірі – Б.Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» спектакліндегі Анна бейнесі.
Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімі» мен «Бетпе-бетінде»), Шафақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Гертруда (У.Шекспирдің «Гамлетінде»), Гиацинта (Мольердің «Скапеннің айласында»), Аркадина (А.Чеховтың «Шағаласында»), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде») сияқты рольдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін жан-жақты танытқан, қазақ сахна өнері тарихынан ойып орын алған шоқтығы биік бейнелерге айналды.