Ақтөбе облысында Досжан ишан Қашақұлының мемориалды кешені ашылды
Қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қайраткер, ағартушылық ісімен де ел есінде қалған тұлғаның өмір жолы мен еңбегі өңірде соңғы жылдары терең зерделеніп жатыр. Шұбарқұдық кенті маңындағы Шилі аталатын бұл орында аттай бір ғасыр бұрын өмір қайнап тұрған-ды. Заманының озық білім ордасы – медресе, балалар мен ұстаздарға арналған жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері, бау-бақша мен алты күмбезді мешіт болған. Кейін кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан күйреген кешен соңы жылдары ғана қайта зерттелді. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, бүгінге дейін сақталған бөлігі ерекше қорғауға алынды, деп хабарлайды "Хабар 24".
"Мұның барлығы келген адамға XIX ғасырдағы қазақтың қайтіп өмір сүрген, тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін орталық есебінде музейлік кешен болуға тиіс. Сондықтан да сақтап қалуға, орнына келтіруге, елге музей ретінде көрсетуге тиістіміз деп ойлаймын". Халықаралық архитектура академиясының корреспондент мүшесі Сәдуақас Ағытаев
Досжан ишан 17 жасында Меккеде болып, жас хазірет деген атпен оралады. Кейін Хиуа, Үргеніш пен Бұқара қалаларында білімін жетілдіріп, ел төңірегінде бірнеше мешіт-медресе салдырған. 18 жыл бала оқытып, мыңнан астам шәкірт тәрбиелепті. Тарихи тұлғаның өмір жолы туралы тың деректер республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім болды. Шараға ишанның ұрпақтары мен ғалымдар, өлкетанушылар қатысты.
"Досжан Ишанның бір керемет үлес қосқаны бұл кісі тек қана біздің батыс өңір емес, бүкіл Қазақстан бойынша сол ағартушылық жұмыстарын жүргізген. Алғашқы рет Досжан Ишан біздің, қазақтарға бөлек мүфтият ашу сұрағын көтерген. Оны Ресей империясының кезіндегі Думаға дейін апарған сұрақтардың бірі. Алғашқы көтерген осы кісілер". Тарих ғылымдарының докторы Рақым Бекназаров
Толықтай жаңарған кешен аумағында қонақ қабылдайтын орын мен музей үйі салынған. Айналасы толықтай ааттандырылды. Қазіргі таңда өңірдегі тағы бір тарихи-туристік орталыққа айналып отыр.