Димаш Құдайберген Қазақстанның туристік орындарында бейнебаян түсіріп жатыр
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, бейнебаянның түсірілімі Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындарда өтті.
Сондай-ақ жаңа туындыда Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі деп күтілуде.
Жоба дарынды өнерпазымыздың жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
"Димаш – Қазақстан туризмінің елшісі атанауға лайықты тұлға. Көптеген адам Қазақстанды Димаш арқылы таниды", – деп атап өтті әншінің Қытайдағы фанклубы.
"Димаш бізді өнер арқылы Қазақстанмен таныстырды. Ол өзінің концерттерінде, кездесулерде бізді әрдайым Қазақстанға шақырады. Шынайы жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен Димаштың Отанына барады. Сондықтан біз биыл қыркүйекте өтетін Димаштың концертіне (Астана қаласында) келеміз", - деп пікір жазды жоба туралы жарияланымның астына Ольга Гриченко есімді тыңдарман.