Баян Алагөзова тағы бір сотта жеңіске жетті
Алматы сотының хабарлауынша, 4,5 миллион оқырманы бар қазақстандық продюсер, блогер Баян Алагөзова Бостандық аудандық сотына ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғауды және журналистің Instagram және Telegram желісіндегі жеке парақшасында тараған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп, талап арызбен жүгінді. Сонымен қатар соттан моральдық шығын 2 миллион теңге өндіруді сұрады.
Журналист өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін және пікір түрінде екенін айтып, кінәсін мойындамады.
Сот филологиялық-лингвистикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жауапкер ұсынған мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін деректер санатына жатады.
Бірінші сатыдағы, сот отырысы барысында тараптар жауапкердің жоғарыда аталған ақпаратты әлеуметтік желілерде таратқанын дауламады.
"Журналистің ол жариялаған ақпарат блогерге қатысы жоқ деген уәжі расталмады. Осыған байланысты сот істің мән-жайы мен сараптама қорытындысын ескере отырып, блогердің шағымын ішінара қанағаттандырды. Журналист таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, блогердің ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні анықталды. Сот журналистке деректерді жоққа шығаруға міндеттеп және блогердің пайдасына моральдық шығынды өтеу үшін 500 мың теңге өндірді", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұл ақпаратты заңгерлер Олег пен Анна Черновтар да растады.
"Алақай. Жеңіп шықтық! Бостандық соты Баян Алагөзованың пайдасына ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап қою бойынша шешім шығарды. Сот Дана Орманбаеваның таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейтінін анықтап және оны өзінің әлеуметтік желілерінде жоққа шығаруға міндеттеді", - деп жазды адвокаттар Instagram парақшасында.