Жаңалықтар тізбегі
0

Ұлыбританиялық атақты хореограф Абай театры әртістерінің биге деген көзқарасын жоғары бағалады

Акрам Хан, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.10.2024 22:19 Сурет: Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі
Британия империясы орденінің кавалері, әлемге әйгілі биші һәм хореограф Акрам Хан Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасына бірнеше күн сабақ берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

18 жасында өз қойылымдарымен би әлеміне жаңа серпін берген шебер, қара шаңырақ әртістерінің сезім тілін – би тілін тереңдетті.   

Ұлыбританиялық хореограф Абай атындағы опера және балет театры әртістерінің биге деген көзқарасын, педагогтарының ашық жүрегін атап өтті. 

Абай театры, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.10.2024 22:19

Сурет: Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі

"Маған балет труппасының педагогтары өте ұнады. Олар құшағын жайып қарсы ала отырып, маған тәнім арқылы сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Айтайын дегенім, басқа елге келгенде мен өзімде бар тәжірибені ғана алға тартып, өз ережемді жүргізуге емес, бірінші кезекте өзімді өзге бишілер арқылы танып-білуге ұмтыламын. Қанша жерден балет әртісі классикалық балетті орындаса да, оның денесі, қимылы – мәдени құндылық іспеттес ұлттық ерекшеліктен сыр шертетін жаны бар тірі қазына. Сондықтан маған олардың биге деген көзқарасы ұнады. Мен үшін ең бастысы, балет труппасының биіндегі рухты сезіну, - деді қоюшы, биші һәм хореограф Акрам Хан.

Жұмыс істегенді ұнататын емес, билегенді ұнататын адамды таңдайтын хас шебер әлемді көп аралайтынын және адамдармен жұмыс істегенде көңілінен шыққан әртістерді Лондонға өзінің компаниясына шақыратынын, Абай атындағы опера және балет театрында да бірқатар балет әртістері ұнағанын жасырмады.

Қазақ өнерінің қара шаңырағына, жалпы Қазақстанға алғаш келгендіктен, хореограф алдағы жоспарды уақыт көрсетеді деп сөзін түйіндеді.

Акрам Хан, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.10.2024 22:19

Сурет: Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі

Түп тамыры мұсылманнан шыққан әйгілі биші үшін, Қазақстанның киелі төрі – Түркістанды, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару маңызды екені сөзсіз. Осы орайда Абай театрының басшылығы қадірлі қонаққа арнайы сапар ұйымдастырып берді.

"Мен мұсылман отбасында дүниеге келгендіктен, Қазақстанмен ерекше байланысты сезінемін. Анам рухани тұрғыда жаны терең адам еді, сол байлықты Қазақстаннан, мәдениетке деген рухани көзқарастан таптым. Бидегі руханиятты сөзбен жеткізіп түсіндіре алмайсың, ол би емес. Би – бір қимылдағаннан кейін көлеңкесі де қалмайтын ақталу сияқты қозғалыс қана. Ал сол қозғалғанға дейінгі ұмтылыс, ол сенің тілің, айтайын деген сөзің. Әлемде тілдің түрі көп, бидің де түрі мол. Мені қызықтыратыны дене тілінің өзі емес, айтайын деген сөзіңнің арасындағы үзіліс, сәйкесінше бір қозғалыс пен келесі қоғалыстың арасындағы тыныштық кезінде өзіңнің қалай қимылдағаныңды естисің, рухани құндылық дегеніміз – сол. Менің өмірімнің философиясы – осы", - дейді Британ империясы орденінің кавалері Акрам Хан.   

Дүниежүзінде сұранысы өте жоғары, барлық өнер ордасымен бірдей жұмыс істей бермейтін креативті хореографтың "Арыстандар ұйықтап жатқанда" (Until the Lions), Kaash, iTMOi, DESH, "Тіке жол" (Vertical Road), "Білім" (Gnosis) және "Нөл белгісі" (Zero degrees) сияқты қойылымдары бар. Ғаламның атақты әртістерін баурап алатын би өнерінің жарық жұлдызы Англияның Ұлттық балетімен, Қытайдың Ұлттық балетімен, танымал балерина Сильви Гиллеммен және хореография саласын былай қойғанда атағы жер жарған актриса Джульет Бинош, әнші Кайли Миноуг және басқалармен жұмыс істеген. Акрам Ханның қоржынында Лоренс Оливье атындағы сыйлық, ISPA, Фред пен Адель Астер және басқа марапаттар бар.  

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: