Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне қатысты түпкілікті шешім қабылданды

Дженнифер Лопестің Астана мен Алматыда өтетін концерттерінің анонстары үлкен резонанс тудырды. Әншінің Алматыдағы концерт бойынша ұйымдастырушылар "Қайрат" футбол клубымен келісімге келмегені анықталды.
Қазақстан Премьер-лигасының ойындары әншінің Орталық стадионда өтетін концертімен бір күнге сәйкес келіп қалған.
Бүгін, 2025 жылғы 27 мамырда, ұйымдастырушылар футбол клубының басшылығымен және қалалық спорт нысандары дирекциясымен бірлесіп, 10 тамызға жоспарланған Лопестің концертіне қатысты келісімге келді.
"Көрермендердің жоғары қызығушылығы мен шараның халықаралық маңызын ескере отырып, тараптар Қазақстан Премьер-лигасының "Қайрат" – "Жеңіс" матчын 2025 жылғы 21 қыркүйекке ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл Дженнифер Лопестің концертін алдын ала жарияланған мерзімде өткізуге және футбол мен мәдениет сүйер қауым үшін қолайлы жағдайды сақтап қалуға мүмкіндік береді", - делінген ресми мәлімдемеде.
Сондай-ақ, мәлімдемеде "Қайрат" футбол клубының 7 және 12 тамызға белгіленген еурокубоктық матчтары өзгеріссіз қалатыны және бұрын жарияланған кестеге сай өтетіні айтылған.
Лопестің Алматыдағы концертіне билеттер 28 мамырда сатылымға шығады.