"Хабар" агенттігі 30 жылдық мерейтойын атап өтті
Сурет: "Хабар" агенттігі
Агенттіктің өткеніне үңіліп, бүгінгі биігіне көз жүгірткен сәтте, оның әр қадамы қажырлы еңбек пен шынайы жанкештіліктің нәтижесі екенін аңғару қиын емес. Мерейтойлық кештің басты қонақтары "Хабардың" іргетасын қаласып, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен сала майталмандары болды. Бұл - олардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен алғыстың белгісі.
Алдымен Агенттікте ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп зейнетке шыққан ардагерлер шоғырына құрмет көрсетілді. Тікелей репортаждың тарланы, ел ішінде "Хабар аға" атанып кеткен Тілеуқабыл Мыңжасар, қазақ журналистикасының қара нарыҚайнар Олжай, белгілі тележурналистер Серік Аббас-шах, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат, Қымбат Хангелдина, Қымбат Досжан, Иманбай Жұбай, Махат Садық, Зейін Әліпбек және тарлан телеоператорлар Николай Кишенин, Болат Нүсіпбеков, Ағабек Қазанбай тәрізді қадірлі жандарға ерекше алғыс айтылып, "Хабарға 30 жыл" мерейтолық медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, табан аудармай 30 жыл еңбек еткен хабарлық қызметкерге ерен еңбектері үшін ведомстволық және салалық наградалар табысталды.
Өңірлерден келген белгілі тілші, операторлар да бұл күні құрметтен кенде қалған жоқ. Бейнемонтаждау шеберлері, телеоператорлар мен өндірісті қамтамасыз еткен қызметкерлер лайықты ұлықталды. Олар шын мәнінде журналистиканың жүгін арқалаған жандар.
Мерекелік кеште әр кезеңдегі "Хабардың" тыныс-тіршілігі мен даму кезеңдері паш етіліп, жұлдызы осы арнада жағылған әйгілі тележурналистер, бүгінде түрлі мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда, Парламент төрінде қызмет етіп жүрген тұлғалар естеліктерімен бөлісті. Кезінде арнаның бетке ұстар тұлғалары болған Сенат депаутаты Бибігүл Жексенбай мен Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев мерейтойлық кештің тізгінін ұстап, жылы лебіздерін білдірді. "Хабардың" шоқтығы биік тележобалары арқылы елге танылған өнер саңлақтары да бұл кештің көрігін қыздырып, ұмытылмас әсер сыйлады.

Сурет: "Хабар" агенттігі
Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы оқылды. Президент өз құттықтауында Агенттіктің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, мықты мамандар ұстаханасына айналған ұжымға толағай табыс тіледі.
Біреулер үшін "Хабар" - кәсіби жолдың бастауы болса, енді бірі үшін - өмірінің ең жарқын белесі. Кештің мазмұнын толықтырған ностальгиялық фотоаймақтарда Агенттіктің әр жылдардағы тарихы бейнеленіп, мультимедиялық экрандар арқылы тарихи сәттер көрсетілді. Ал аңызға айналған ардагерлер мен жас буын журналистердің жылы жүздесулері осы шараның ең бір толғанысты сәтіне айналды.
Мерейтойға қоғам қайраткерлері, блогерлер, медиа саласының өкілдері, ел ағалары арнайы келіп, өз тілектерін білдіріп, баталарын берді. Бұл – "Хабар" ұжымының қажырлы еңбегіне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі.

Сурет: "Хабар" агенттігі
"Хабардың" 30 жылдық мерейтойы қазаны сақырлап қайнап жататын отандық телевизия саласының да мерекесі. "Хабар" – ақпарат тарату құралы ғана емес, бүкіл медиакеңістікте жоғары стандарттар қалыптастырған Қазақстандағы ақпарат саласының көшбасшысы.
Уақытпен үндесе дамып келе жатқан Агенттік – енді келесі онжылдықтарға бағыт түзеп отыр.Агенттіктің Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев тұтас бір мектеп, журналистиканың қайнар бұлағына айналған "Хабардың" кәсіби биіктіктен таймай, мазмұн тереңдігін жоғалтпай, жаңа форматтарды, цифрлық алаңдарды меңгеріп, ел сенімін ақтауды жалғастыра беретініне сенім білдірді.
"Әрқашан "Хабарда" болайық" дейтін әріптестер тарихтың келесі парағын толтыруды бастап кетті.
Серіктестік материал