Әнші Нұрмұқасанның көмекшісі сотталды
Сурет: instagram.com/mukassan_shakhzadayev
Әнші Ғалымжан Сүлеймен "Мұқасаннан таяқ жедім" десе де, ол айыпталушы деп танылмаған. Танымал әнші сотта бір-ақ рет куәгер ретінде төбе көрсетіпті. Ал іс бойынша айыпталушы ретінде Мұқасанның көмекшісі жауап берді. Кеше өткен жарыссөзде прокурор оған жаза сұрады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Есеркеновтің 108-баппен кінәсі толық дәлелденген деп есептеймін және осы бап бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұраймын, құрметті сот. Аталған қылмыс теріс қылықтар санатына жатқаннан кейін жәбірленушілер өтемақы қорына бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражатын өндіру керек. Қылмыстық іске тіркелген айғақтарды, DVD дисктерді, 118-баптың талаптарына сәйкес шешуіңізді сұраймын".Бейсен Жүніс, мемлекеттік айыптаушы
Мұқасанның көмекшісі бұл жанжалға танымал әншінің еш қатысы жоғын айтып, бар кінәні өз мойнына алды. Ғалымжанмен сөзге келіспей, жұдырық ала жүгіргенім рас дейді. Соттағы соңғы сөзінде ол кішкентай балалары барын алға тартып, өзіне аз мөлшерде айыппұл салуды сұрады. Сұрағанындай-ақ, айыпталушы айыппұлмен ғана құтылды. Оған қатысты сот үкімі бүгін оқылды.
"Есіркенов Азамат Тұрарбекұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1 бабы, 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған аталған бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86500 теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалсын. ҚР ҚК 50-бабы 1-бөлігі негізінде сотталған Есіркеновке үкім заңдық күшіне енген кезден бастап, бір айдың ішінде айыппұлды төлеу мерзімі белгіленсін". Бейнегүл Қайсина, судья
Ал басында "істі аяғына дейін апарамыз" деген жәбірленушінің заңгерлері, неге екені белгісіз, жарты жолда Ғалымжанды қорғаудан бас тартыпты. Жалғыз қалған ол үкімге риза емес. Өйткені Мұқасанның көмекшісінен емес, өзінен таяқ жегенім ақиқат деп отыр. Сол кезде мұрны сынып, ота жасатуына тура келген. Бұған қоса басынан бірнеше жарақат алыпты.
"Он ұйықтасақ та, түске кірмеген олай куәгер боп келеді деп. Сот залында куәгерді шақырыңыз деп, сол кісі кіріп келген кезде аң-таң болдық, сөздің шыны керек. Сол кезден бастап күмәндана бастадым. Куәгердің сөзі бар, сараптама бар, жәбірленуші менің сөзім бар. Менің алғашқы күннен берген арыз-шағымым бар. Сол күні "102" келіп алып кеткен күндегі арыз-шағым жоқ, істе де жоқ. Бүгінгі соттың шешімі, мен күткендей, әділдікке ұласпады. Мен алғашқы күннен бері айтып келе жатқан жауабымдамын. Оны екі сот медициналық сараптамасы да растады және куәгердің сөзімен де расталды".Ғалымжан Сүлеймен, әнші
Айта кетсек, өзінің әнін бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директоры Ғалымжанның орындауы Мұқасанға ұнамай қалған көрінеді. "Автор құқығын бұздыңдар" деген Мұқасан кездесуге шақырып, артынан соққыға жықты дейді жәбірленуші. Тіпті қасына екі жігіт қосып, үшеуі тепкінің астына алған көрінеді. Осылайша 86 мың айыппұлмен мәселені шешкендей болды. Бірақ бұған көңілі толмаған Ғалымжан Сүлеймен әділдікке жетпей қоймаймын деп, енді аппеляциялық сотқа жүгінбек.