Алматылық жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр

Алматыдан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16 Сурет: Zakon.kz.
Алматы облысындағы мектепте аспаздықты үйренген кезінен бастап Манхэттен орталығындағы зәулім ғимараттың 55-қабатында жұмыс істеуге дейінгі жол 24 жастағы Рамзес Асанов үшін оңай болған жоқ. Аспаздың арманына жету жолы туралы, Zakon.kz материалында баяндаймыз.

Рамзес Асанов Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан шыққан. Оның аспаздыққа деген қызығушылығы сегізінші сыныпта оқып жүргенде оқу-өндірістік комбинаттағы сабақтар кезінде оянған. Сол кезде ол өмірін гастрономиямен байланыстырып, бас аспаз болғысы келетінін алғаш түсінген.

Оның өмірінде бала күнгі Америкаға бару арманының орны ерекше болды. Жыл сайын Жаңа жыл мерекесінің алдында әкесі екеуі сүйікті "Үйде жалғыз 2" фильмін қайта-қайта көретін.

"Әсіресе Кевиннің Нью-Йорктегі алып шыршаның жанында анасымен кездесетін көрінісі есімде қалды. Сол шыршаға қарап, әкеме: "Әке, бір күні мен міндетті түрде сол жерге барамын, жетістікке жетемін, сен мені мақтан тұтатын боласың", – дейтінмін. Әкем болса үнемі: "Балам, мен саған сенемін, сенің қолыңнан бәрі келеді", – деп жауап беретін. Сол кездің өзінде өзімді Америкада жүргендей елестететінмін. Бір орында тұрып қалғым келмейтінін әрдайым түсіндім. Дамығым, жаңа мүмкіндіктерді ашқым, ортамды өзгерткім және үнемі алға жылжығым келді. Ата-анам бала кезімнен Америкаға қаншалықты барғым келетінін білетін. Сондықтан АҚШ-қа көшуім аяқ астынан қабылданған шешім емес еді. Бұл – бала кезімнен бастап ұмтылған арманым", – дейді Рамзес Асанов.
Алматыдан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

Әкесі ұлын үнемі қолдап отырған. Өз күшімен шамамен 600 доллар жинап, ұшар алдында әкесінен тағы 300 доллар алған жас қазақстандық Нью-Йоркке бір бағытқа ғана билет алып аттанған.

Мегаполистен алған алғашқы әсері Голливуд фильмдеріндегі көріністермен сәйкес келді: зәулім ғимараттар, толассыз қозғалыс және қаптаған адам.

"Нью-Йорк ешқашан ұйықтамайды деп бекер айтпайды. Бірақ мені ең қатты таңғалдырғаны – адамдардың өзі мен олардың дүниетанымы. Мұнда бір-бірін мүлде танымайтын адамдар көшеде кездесіп, жай ғана күлімсірей алады. Сондай-ақ бір қалада қаншама ұлт өкілдері тұратыны таңғалдырды. Бір сәтте өзіме таныс, сүйікті Қазақстанымды еске түсіретін бір нәрсені сезіндім. Біздің елде де түрлі ұлт өкілдері бірге өмір сүреді. Сол кезде: "Өзімнің екінші Қазақстанымды тапқан сияқтымын", – деп ойладым", – дейді ол.

Алайда ағылшын тілін нашар білуі жұмыс іздеуді үлкен сынаққа айналдырды. Рамзес 100-200 түйіндеме басып шығарып, бір айға жуық уақыт бойы күн сайын таңнан кешке дейін Нью-Йорк мейрамханаларын жаяу аралады. Ең қиыны – тілдік кедергіге байланысты бұрынғы жұмыс тәжірибесін толық көрсете алмады. Кейде үміті үзіліп, тығырыққа тірелгендей сезінген кездері де болды. Соған қарамастан, жас жігіт бәрінің не үшін басталғанын есіне алып, алға ұмтылуын тоқтатпады.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

"Әрине, кейде қолым түсіп кететін. Бірақ бәрібір күн сайын таңертең тұрып, жұмыс іздеуді жалғастырдым. Өйткені өзім ештеңе істемесем, өмірім өзгермейтінін түсіндім", – дейді Рамзес.

Жағдай ол Нью-Йорктегі аспаздық училищеге оқуға түскеннен кейін өзгерді. Ол оқу орнындағы үздік студенттердің бірі атанды. Оқытушылары оның еңбегін байқап, беделді мейрамханаға жұмысқа тұруға ұсынды. Осылайша, сағатына 12 доллар алатын жұмыстан мансабы басталды.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

"Ағылшын тілім ол кезде өте нашар болса да, практикалық сабақтарда үнемі жақсы нәтиже көрсететінмін. Бас аспаздар мені жиі мақтап, басқа студенттерге үлгі ететін. Училищенің Нью-Йорктегі беделді мейрамханалармен байланысы бар, сол жерлерге үздік түлектерді ұсынады. Сөйтіп, оқытушыларымның ұсынысының арқасында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болдым", – дейді ол.

Қазір қазақстандық Манхэттеннің дәл орталығындағы One Vanderbilt зәулім ғимаратының 55-қабатында орналасқан Centurion New York мейрамханасында жұмыс істейді. Мұнда француз асханасының заманауи үлгідегі жоғары деңгейлі тағамдары ұсынылады. Қонақтары арасында кәсіпкерлер, танымал актерлер, спортшылар мен блогерлер бар.

Аспаздың жұмыс күні түскі сағат екіден түн ортасына дейін созылады. Кейде банкеттерге байланысты одан да ұзақ жұмыс істеуге тура келеді. Ол күніне 10-11 сағат бойы аяқтан тік тұрады. Рамзестің айтуынша, америкалық асүйдегі тәртіп өте қатаң.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

"Жұмыс өнімдерді дайындаудан, жұмыс орнын реттеуден және кешкі қызмет көрсетуге әзірліктен басталады. Банкеттер немесе қонақтар көп болған күндері жұмыста кешігіп қалуға тура келеді. Америкалық асүйде, әсіресе санитариялық талаптарға қатысты тәртіп өте қатаң. Әрбір өнім, әрбір пюре мен алдын ала дайындалған қоспаның жапсырмасы болуы керек. Онда дайындалған күні мен сақтау мерзімі міндетті түрде көрсетіледі. Бұл талаптар мұқият қадағаланады. Сонымен қатар тәртіп, әріптестерді құрметтеу және командада жұмыс істей білу маңызды. Қонақтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін санитариялық нормаларды өрескел бұзу жұмыстан шығаруға себеп болуы мүмкін", – дейді аспаз.

Қазақстандықтың айтуынша, жұмыста қарбалас сәттер жиі болады. Бірде мейрамханаға бір мезетте 250-ге жуық қонақ келген. Рамзес 3-4 сағат жұмсап дайындаған өнімдер қызмет көрсету кезінде таусыла бастаған. Мұндайда жұмысты еңсеру мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай сәттерде Рамзес бойынан тың күш табады. Ол сабыр сақтап, үрейге берілмеуге және тез шешім қабылдауға тырысады. Оның пікірінше, асүйде бәрі жоспардан тыс кеткен кезде жинақтала білу өте маңызды.

Аспаздың байқауынша, Нью-Йоркте тәжірибелі маман сағатына 35-50 доллар таба алады. Бұған қосымша жұмыс уақыты үшін төленетін ақы да бар. Дегенмен қаланың қымбаттығы өз талабын қояды. Қолайлы өмір сүру, негізгі шығындарды өтеу және Қазақстандағы ата-анасына көмектесу үшін айына кемінде 5 мың доллар табу қажет. Пәтер жалдаудың өзі айына шамамен 3 мың долларға түседі.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

Аспаздың басты армандарының бірі – америкалық мейрамхана мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдарын енгізу. Бірде мейрамханадағы бас аспаз одан дәстүрлі тағам дайындауды сұрағанда, Рамзес әріптестеріне нағыз қазақтың бешбармағын ұсынған.

"Әлем халықтарының асханаларымен танысқанды жақсы көретін бас аспазым бірде менің елімнің ұлттық тағамын дайындап беруімді өтінді. Мен бірден туған Қазақстанымды және сүйікті тағамым – бешбармақты ойладым. Әріптестеріме Қазақстан, мәдениетіміз, дәстүрлеріміз және асханамыздың қаншалықты дәмді екені туралы жиі айтып жүремін. Сол жолы бас аспазға бешбармақ дайындап бердім. Содан кейін бұл тағамды мейрамханамызда француздың жоғары аспаздық өнерінің элементтерімен үйлестіріп ұсыну туралы ой келді. Барлығын қолмен түсіндіргендей болып, барынша ұғындыруға тырыстым. Америкалықтардың бірі шанышқыға қол созғанда, әзілдеп оны алып қойып, алдымен қолын жуып, содан кейін бешбармақты Қазақстандағы дәстүр бойынша қолмен жеп, сорпамен ішіп көруді ұсынатынмын. Олар тағамның дәмін татып қана қоймай, дәстүрімізді де сезінсе екен дедім. Жалпы, арманым – бір күні америкалық достарымды нағыз қазақтың киіз үйіне отырғызып, көрпе төсеп, аласа үстелге дастарқан жайып, оларға қазақы атмосферада бешбармақ ұсыну", – дейді Рамзес.

Оның айтуынша, америкалықтардың бешбармаққа берген бағасы ерекше болған. Кейбірі өмірінде мұндай дәмді тағам жеп көрмегенін айтқан. Оларға ет те, қамыр да, тұздық та, әсіресе нәрлі сорпа да ұнаған. Рамзес үшін ең қуаныштысы – кейбір әріптестеріне бешбармақтың қатты ұнағаны соншалық, бірі өзара кімге көбірек тиетінін талқыласа, енді бірі жақындарына дәм таттыру үшін тағамды үйіне алып кеткен.

Қазір аспаз бешбармақтың рецептісін жетілдіріп, оны мейрамхана мәзіріне енгізу мүмкіндігін қарастырып жүр. Оның айтуынша, бұл өзі үшін үлкен мақтаныш болар еді. Бесбармақтан бөлек, Рамзес америкалықтарды бауырсақпен де таныстырған. Ал жақын арада қуырдақ дайындауды жоспарлап отыр.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

Қазақтың ұлттық тағамдарына қажетті өнімдерді табуда негізінен қиындық жоқ. Алайда жылқы етін табу оңай болмай шыққан. Әзірге аспаз Нью-Йорктен жылқы етін таба алмағандықтан, оны Қазақстаннан екі рет алып барған. Ал құртты өзі дайындауды үйренген.

"Менің ойымша, бесбармақ, бауырсақ пен қуырдақтың Нью-Йоркте нағыз хитке айналуға мүмкіндігі бар. Бұл тағамдарды заманауи үлгіде безендіріп, fine dining форматында ұсынғым келеді. Бірақ сонымен бірге ұлттық дәстүрлерімізді сақтап қалу маңызды", – дейді ол.

Алайда Рамзестің айтуынша, Нью-Йорктің әсем зәулім ғимараттары, қымбат көліктері мен жарқыраған шамдарының артында мүлде басқа өмір жатыр. Мұнда әркім ең алдымен өзін ойлап, өз орнын табу үшін күреседі. Қазақстандықтың айтуынша, кейде туған жеріндегі адамдардың бір-біріне бауырмалдықпен қарайтын қасиетін қатты сағынады. Тіпті бір-бірін жақын танымаса да, ағайындай араласатын орта мұнда сирек кездеседі. Нью-Йоркте шынайы достар мен сенуге болатын адамдарды табу қиын болуы мүмкін.

"Миллиондаған адамның ортасында жүріп те өзіңді мүлде жалғыз сезінуің мүмкін. Меніңше, Нью-Йорк – мүмкіндіктері мол қала, бірақ сонымен бірге үлкен сынақтар алаңы. Ол саған көп нәрсе бере алады, алайда оның қарқыны мен қысымына бәрі бірдей төтеп бере алмайды. Туған жерге деген сағыныш күн сайын дерлік сезіледі. Кейде түнде Қазақстандағы ескі суреттерімді қайта қарап, үйдегі бақытты сәттерді еске аламын. Ең қатты сағынатыным – отбасым, жақындарым мен достарым. Сондай-ақ тауларымызды, ұлан-ғайыр даламызды, табиғатымыз бен таза ауамызды сағынамын. Америкада қаншалықты жақсы болса да, туған Қазақстаным мен үшін әрдайым ерекше мекен болып қала береді", – дейді Рамзес.
Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

Қазақстандық осы уақыт ішінде, ең алдымен, ішкі жан дүниесі жағынан қатты өзгергенін айтады. Оның дүниетанымы, өмірге және өзіне деген көзқарасы өзгерген. 21 жасында болашағына мүлде басқаша қараған болса, қазір алдына анағұрлым маңызды мақсаттар қойып, неге қол жеткізгісі келетінін жақсы түсінеді. Ол дербес, жауапты болып, шын мәнінде есейгенін айтады. Америка оған көп нәрсе үйретіп, өмірге басқа көзбен қарауға мәжбүр еткен.

Алматы облысынан шыққан жігіт Нью-Йорктің аспаздық әлемін бағындырып жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.10.2026 16:16

Сурет: Рамзес Асановтың жеке архивінен

"Менің басты арманым – бас аспаз болып, Нью-Йоркте қазақ асханасының жеке мейрамханасын ашу. Оның үстіне, жай ғана мейрамхана ашып қоймай, бұрын ешкім көрмеген ерекше дүние жасағым келеді. Бір күні Michelin жұлдызын алуды армандаймын. Болашақта Қазақстан бойынша заманауи мейрамханалар желісін ашып, кейін халықаралық деңгейге шыққым келеді. Қазақтың асханасы, мәдениеті мен дәстүрлері туралы бүкіл әлем білгенін қалаймын. Қазақстанды тек әсем табиғатымен ғана емес, жоғары гастрономиясымен де таныса екен деймін", – дейді Рамзес Асанов.

Рамзес өмірдегі басты шабыт берушілері ретінде әжесі мен тәтесін атайды. Олар оның аспаздық жолы басталғаннан бері үнемі сенім білдіріп, шын жүректен қолдап келеді. Тіпті оның алғашқы сәтсіз шыққан тағамдарының өзін қуана татып көрген.

Шетелде өмір сүруді армандайтын жас отандастарына Рамзес Асанов қателесуден қорықпауға, білімін үнемі жетілдіруге және ешқашан тоқтап қалмауға кеңес береді. Оның пікірінше, әрбір үлкен жетістіктің артында жылдар бойғы еңбек пен талпыныс жатыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: