Қытайда COVID-19 инфекциясын жұқтыру бойынша рекорд тіркелді
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жұқтырғандардың ең көп саны солтүстік-шығыс Цзилинь провинциясында – 890 адам және Шанхайда – 322 адам тіркелген.
Кейінгі 24 сағатта вирус жұқтырған 1 323 адамда COVID-19 белгілері бар екені расталды (қызба, жөтел, жайсыздық). Оның ішінде 39 адам Қытайға шетелден келген. 1284 жағдай ел ішінде анықталған.Қытай Халық Республикасының гигиена және денсаулық сақтау мемлекеттік комитеті
Қалған 21 784 адам – вирусты тасымалдаушылар, яғни оларда ауру симптомсыз өтіп жатыр. Оның ішінде 73 адам шетелден келген, 21 711 адам республика ішінде анықталған.
Симптомсыз тасымалдаушылардың ең көп саны Шанхайда – 19 660 адам. Сонымен қатар Цзилинь провинцияларында 1 546 және Хэбэйде 139 жағдай тіркелді.
Қытайда пандемия басталғаннан бері барлығы 160,1 мың адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырғаны анықталды. Қытай билігі статистикаға симптомсыз науқастар туралы мәліметтерді қоспады. Ал қайтыс болғандар саны – 4 638 адам.
Дәрігерлер елдегі эпидемиология жағдайын қиын деп атады. Кейінгі бір айда Қытайдың 31 әкімшілік-аумақтық бірлігінің 29-ында (провинция, орталық бағыныстағы қала немесе автономиялық облыс деңгейінде) коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы анықталды.
Билік ел тұрғындарын COVID-19-ға қатысты ережелерге қырағы болуға шақырады. Кейінгі уақытта ашық жерлерде іс-шараларға қатысатын адамдар санының артуы байқалады. Эпидемиологтар әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет екенін еске салады.