Бүгін – дүниежүзінде қан доноры күні
Бұл күнді дүниежүзінде мұқтаж науқастар үшін қан мен қан өнімдерінің сапасын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін қамтамасыз етіп әрі адам өмірін сақтап қалу және тұрақты қан тапсыру қажет екені туралы хабардар ету үшін және қажет қанды өз еркімен тапсырған адамдарға алғыс ретінде атап өтеді.
Қан мен қан өнімдерін құю жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады. Бұл өмірге қауіп төндіретін жағдайлардан зардап шегетін науқастардың өмірін ұзартуға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
Қан құю күрделі медициналық және хирургиялық процедуралар үшін өте маңызды. Мұндай әдіс сонымен қатар ана мен бала денсаулығын сақтауда, техногендік және табиғи апаттарда төтенше жағдайларды жою кезінде маңызды роль атқарады.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 203-бабына сәйкес, 18 жастан асқан, тиісті медициналық тексеруден өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, донор болуға өз еркімен ниет білдірген кез келген дені сау адам қанды және оның компоненттерін медициналық мақсатта беруге (донациялау) донор бола алады. Донорлардың жасы 18-ден жоғары болуы керек. Донордың салмағы кем дегенде 55 келі болуы шарт.
Қан мен оның компоненттерін тапсыру күні донорларға мынадай кеңестер ұсынылады:
майлы, қуырылған, ащы, ысталған, сүт өнімдерін тұтынбау;
процедурадан екі күн бұрын алкоголь ішпеу;
процедурадан үш күн бұрын аспирин, анальгин, анальгетиктері бар басқа препараттарды ішпеу;
процедурадан бір сағат бұрын темекі шекпеу.
Донор өзіне белгілі болған немесе бұрын зардап шеккен барлық аурулар туралы, сонымен бірге өзінің есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы ақпаратты беруге міндетті.
Донор тегін немесе ақылы түрде қан бере алады. Қан тапсырар алдында донор міндетті түрде тегін медициналық тексеруден өтеді. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.