Маған тағылған айыптар ойдан алынған әрі дәлелі жоқ фактілерге негізделген – Біртанов
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі сот отырысында сұрақ-жауап алу кезінде министрліктің интернет-платформасын және электрондық денсаулық паспорттарын құруға қатысты бірқатар құжаттарды алға тартты. Онда өзіне тағылған айыптарды растайтын фактілер жоқ екенін айтты.
Айыптау актісі ойдан алынған фактілерге негізделген, маған тағылған айыптарды растайтын дәлелдер жоқ. Мұны растайтын хат-хабарлар да жоқ. Интернет-платформаны қабылдап алу ісіне қатысқан жоқпын, оған қатыспауым да керек, өйткені бұл менің функцияма жатпайды. Бұл жұмыстарға араласқан жоқпын, комиссияның жұмысына да, комиссияны тағайындау ісіне де қатысым жоқ. Елжан Біртанов
Сондай-ақ Біртанов жобаны қаржыландыру мәселелерін шешуге қаржы және заң бөлімдері ат салысқанын, ол жеке-дара мұндай мәселелерді шеше алмайтынын атап өтті. Экс-министр денсаулық сақтау министрлігінің интернет-платформасын құру және МӘМС жүйесін енгізу аясындағы мемлекеттік сатып алулар бойынша тендер мәселесін өз адамдарына қарай тартып, шешкісі келген Парламент депутаттары мен түрлі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары болғанын, олар өзіне доқ көрсеткенін де айтты.
Сонымен қатар, сотталушы бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевпен мессенджерлер арқылы алысқан хат-хабарлардың көшірмесін және денсаулық сақтау министрлігінің интернет-платформасын әзірлеуге, тестілеуге және қабылдауға жауапты қызметкерлердің қызметтік жазбаларын дәлел ретінде іске қосуды сұрады.
Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов пен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ісі бойынша алғашқы сот отырысы 26 мамырда өтті.
Бұрынғы министр мен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министріне хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы әзірлеген Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттандыру платформасын қабылдап, пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айып тағылып отыр.