Еуропада қатерлі ісік індеті таралуы мүмкін
Guardian басылымының Lancet Oncology комиссиясының зерттеуіне сілтеме жасай отырып жазуынша, алдағы 10 жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны артуы мүмкін.
"Егер денсаулық сақтау жүйесі мен онкологиялық зерттеулерге шұғыл басымдық берілмесе, Еуропада алдағы 10 жылда қатерлі ісік індеті өршиді деген қауіп бар", – деді зерттеу жетекшісі Марк Лоулер.
Сарапшылардың пікірінше, денсаулық сақтау жүйесін шұғыл өзгертілуі мен локдаунның енгізілуі онкологиялық науқастарды тексеру мен емдеуге кері әсерін тигізді.
Зерттеуге сәйкес, Еуропадағы COVID-19 пандемиясы кезінде қатерлі ісігі бар 1 миллионға жуық адам назардан тыс қалды.
Бұған қоса, қазір бұрынғыға қарағанда науқастағы сырқат қатерлі ісіктің соңғы кезеңінде анықталып жатыр. Мұның бәрі науқастың өміріне кері әсерін тигізеді, дейді мамандар.
Баяндамада пандемияның бірінші жылында Еуропадағы дәрігерлер қатерлі ісігі бар науқастарды бұрынғыға қарағанда 1,5 миллионға аз қабылдағаны, әрбір екінші науқас емін уақытылы алмағаны да жазылған.