Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушісін жолаушы пышақтап кетті
Ақтөбеде қоғамдық көліктің 30 жастағы жүргізушісі пышақ жарақатын алып, кондуктор соққыға жығылды. Бұл туралы «Автопарк» ЖШС-нің заңгері Руслан Жылқаманов растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше сағат 22:00-де «Автопарк» ЖШС-нің жүргізушісіне шабуыл жасалды. Оқиға №26 бағыттағы маршрутта болды. Жолаушылар мен жүргізушінің айтуынша, екі жігіт 11-шағын ауданы аялдамасынан мініп, қоғамдық көліктегі адамдарға тиісе бастаған. Екі күдікті сабырға шақырып, ескерту жасаған кондуктор мен жүргізушіге көнбей, оларды далаға алып шыққан. Сосын біреуі пышақ алып, жүргізушіні жаралаған. Жолшылар сол кезде жедел жәрдем шақырып, зардап шегушіні ауруханаға жеткізілді. Ал күдікті екі жігіт оқиға орнынан қашып кетті», - деді «Автопарк» ЖШС-нің заңгері Руслан Жылқаманов. Жүргізуші ауруханадан ем қабылдап, кейін үйіне жіберілген.
«Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр. Сондықтан жәбірленушілер полицияға шағым түсірді. Мекеме тарапынан біз де күдіктілердің ұсталып, жазалануы үшін Сазды полиция бөліміне арыз жаздық», - деді Руслан Жылқаманов.
Айта кетейік, қазір жүргізуші мен кондуктор денсаулығына байланысты демалыс алып, ем қабылдап жатыр.