Петропавлда көлік соққан екі қыздың бірі көз жұмды
Петропавлда 15 қыркүек күні түнгі клубтың жанында көлік соғып кеткен екі қыздың бірі көз жұмды. Ксения Овсянникованың соңында екі жасар баласы қалды, деп хабарлайды «Baq.kz» аймақтағы тілшісі.
Жол апаты болған күні Ксения Овсянникова ес-түссіз Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасының жансақту бөліміне жеткізілген еді. Жапа шегушінің миына қатты зақым келген. Басқа да дене мүшелері жарақантанған. Ксения 11 күн бойы есін жиған жоқ.
«Бүгін таңертең Ксения Овсянникова бақилық болды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Көлік соққысынан алған ауыр жарақат оған дес бермеді. Марқұмның ата-анасының рұқсатынсыз бұдан басқа ештеңе айта алмаймыз», - деп қысқа қайырды Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-хатшысы Самат Сапаралы.
Қыздарды соғып, оқиға орнынан қашып кеткен «Лексус» автокөлігінің жүргізушісіне іздеу жарияланған болатын. Петропавл қалалық сотының мәліметінше күдікті И. Старухин сол түнде шет елге қашып кеткен. Сот күдіктіні қамауға алу туралы сырттай шешім шығарған болатын. Полицейлер әзірге оны қолға түсірген жоқ.