Алматы облысында өмірбаяны қылмысқа толы күдікті ұсталды
Алматы облысының полицейлері "Пәтер" жедел алдын алу іс-шарасы барысында бұған дейін сотталған ер адамның бірқатар пәтер ұрлығына қатысы барын анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 наурызда Іле ауданының тәртіп сақшылары жергілікті православия шіркеуінің дүкеніне қарумен қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен Боралдай ауылының 39 жастағы тұрғынын ұстады. Шіркеу дүкенінен қолды болған бағалы металдардан жасалған алқалар мен кресттер күдіктіні ұстау кезінде тәркіленді және іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Полицейлер күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы болу мүмкін екендігін де мұқият тексеру жүргізген.
"Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде күдіктінің бірқатар ұрлықтарға, нақты айтсақ, 2018 жылдың күзінен қазіргі уақытқа дейін Боралдайда орын алған пәтер ұрлығының 15 дерегіне қатысы бары дәлелденді. Жеке эпизодтар бойынша ұрланған мүліктің кейбірі – алтын сақина сынды зергерлік бұйымдар Алматы қаласындағы ломбардттан табылды. Бұйымдар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. Іле ауданының соты тергеу кезінде күдіктіні қамауға алу туралы санкция щығарды",- деп хабарлап облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, ұсталған азамат есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және саудалағаны үшін бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, тәртіп сақшылары облыста 1 сәуірден бастап "Пәтер" арнайы іс-шарасын өткізуде. Іс-шара барысында полицейлер өзгенің мүлкін ұрлаудың 30 дерегін әшкерелесе, оның 5 дерегі "бұған дейін жасалған қылмыстар" санатына жатады. Аталған іс-шара 10 сәуірге дейін жалғасады.