Түркістан облысында такси жүргізушісін өлтіріп кетті
Түркістан облысында такси жүргізушісі қарақшылардың қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың 17 мамырында Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түседі. Азаматша жолдың жиегінен денесі қанға боялып жатқан ер азаматты көргенін айтқан. Оқиға орнына аудандық полиция басқармасынан тез арада жедел-тергеу тобы аттанады. Куәгерлерден жауап алу барысында жедел уәкілдер, күндізгі сағат 16.30-дар шамасында, Audi маркалы көлігі жол бойына тоқтап, ішінен денесі қанға малынған жүргізуші шығып, көп жүрмей жол жиегіне барып сылқ етіп құлағанын анықтаған. Артынша көліктен жас қыз бен жолаушы шығады да, жүргізушіні көтеріп алып, көлікке қайтадан отырғызып алыпты. "Бұл азаматты емханаға алып барамыз" - деген сылтаумен, Шымкент жаққа қарай жүріп кеткен.
Криминалистер оқиға орнынан қанның іздерін алады. Аталмыш жайтты полицейлер "Қарақшылық" бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеген. Дәл сол күні жедел уәкілдер автокөлік иесінің, яғни жүргізушінің кім екенін анықтайды. Ол Түркістан облысының жергілікті тұрғыны болып шықты. Атқарылған жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары ер азаматтың қарақшылардың құрбанына айналуы мүмкін деген тұжырымға келеді.
Ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді құрықтау мақсатында облыстан криминалдық полиция мен тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылған. Сонымен қатар "Тосқауыл" жоспары жарияланып, шекара маңындағы облыс аумақтарына полиция нарядтары қойылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің және Шымкент қаласының барлық жеке құрамына бағыт берілген.
Нәтижесінде, полицейлер Сарыағаш ауданында жолдың жиегінен ер адамның жансыз денесімен бірге тастап кеткен иесіз көлікті тапқан. Жедел-іздестіру шарасының аясында Сарыағаш сақшылары жергілікті автовокзалдан Алматыға қарай кетпекші болған күдіктілерді құрықтаған. Сонымен қатар, қылмыс жасаған бойжеткеннің көршілес республиканың тұрғыны, ал ер азаматтың Алматы облысының тұрғыны екендігін анықтайды. Екеуі де қамауға алынды. Сайрам аудандық полиция басқармасының тергеушілері ҚР ҚК "Қарақшылық" және "Адам өлтіру" баптарына сәйкес күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Тексеру барысында оқиғаның мән-жайы толық анықталатын болады. Қажетті сараптамалық жұмыстар да тағайындалды.